Хабар телеарнасы

Павлодарлық сәбізге сұраныс төмендеді

Павлодар облысында сәбіз өсіретін шаруашылықтар тығырыққа тірелді. Көкөніс түріне сұраныс жоқ. Қоймаларда шамамен 40 мың тонна өнім өтпей тұр. Көктемге жеткізбей, Павлодар сәбізін тиеп әкететін жүк көліктерінің қатары сиреген. Есесіне ішкі нарықта Өзбекстан мен Ресейден импортталған өнім көбейген. Шаруалар сәбізді мамыр айына дейін сатып үлгермесек, шығынға батамыз, - дейді. Өйткені қоймадағы ауа температурасы қалыпты мөлшерден екі градусқа жоғарыласа, өнім шіри бастайды. Сондықтан ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары оңтүстік өңірлермен келіссөздер жүргізіп жатыр. 

Төлеген Көшербаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Бір жылдары сәбіздің бағасы қымбаттап, келісі 900 теңгеге дейін жеткенін білесіздер. Бүгінгі таңда 60, кей жерлерде 55 теңгеге дейін төмендеп кетті. Бұл нарық заңы. Оны шаруалар да біледі. Біз өнімді өткізудің жолдарын қарастырып жатырмыз. 

Никита Запара, шаруа:

- Өнімді өткізе алмай отырмыз. Мен бұрын күніне 60 тонна сататынмын. Бұл кем дегенде екі жүк көлігі. Биыл сәбізге сұраныс жоқ.