Хабар телеарнасы

Қызылордадағы емханаларда медициналық қызмет сапасы артты

Қызылордадағы емханалар жаңа технологиялармен жабдықталып, қызмет көрсету сапасын арттырып жатыр. Заманауи диагностикалық құрылғылардың қызметін кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында да пайдалануға болады. 

Мира Кан 20 жылдан бері қант диабетімен ауырады. Денсаулығындағы кінәрат жүрек соғысына теріс әсер ете бастаған. Дертін асқындырмау үшін 75 жастағы қарияны дәрігерлер бақылауға алған. Ол қажетті талдаулар мен дәрі-дәрмекті кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында алып отыр.

Мира Кан, қала тұрғыны:

- Мұнда мен жиі келіп тұрамын. Барлық қажетті кабинеттер осында орналасқан. Мысалы, талдаулар тапсыру үшін. Ал егер кейбір тексерулер бұл жерде жасалмаса, бізді диагностика орталығына, облыстық көпбейінді ауруханаға немесе заманауи жабдықтары бар басқа клиникаларға жібереді.

Қызылордадағы орталық емханада жүзден астам дәрігер жұмыс істейді. Мұндағы диагностикалық орталықта өңір тұрғындарына 400-ден астам қызмет түрі көрсетіледі. Оның ішінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек те бар.

Гүлдана Есәлиева, емхана бас дәрігерінің орынбасары:

- Әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау мақсатында  оған туберкулез, қант диабеті, онкологиялық аурулар, сол бойынша да тегін диагностикалау мүмкіндіктері бар және инфекциалық ошақтарда санитарлы-эпидемиялогиялық іс-шаралар, профилактикалық іс-шаралар осы тегін медициналық көмектіңкепілдендірілген көлеміне кіреді. 

Қалада заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған жеке емханалардың қатары көбейіп келеді. Солардың бірі 8 жыл бұрын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған. Бүгінде мұнда 39 мыңнан астам науқасқа қызмет көрсетіледі.

Айжан Мұқашева, емхана директоры:

- Бүгінгі таңда Қызылорда қаласындағы мемлекеттік емханалардан біздің емхананың басты айырмашылығы – жабдықталу деңгейі. Компьютерлік томография , магнитті-резонанстық томография сияқты қымбат зерттеулерді және басқа да көптеген қызметтерді біз өзімізде жүргіземіз. 

Бұл емхана былтыр бірнеше заманауи диагностикалық құрылғы сатып алған. Оның көмегімен мидың күрделі зерттеулерін жүргізуге, көздің тор қабығын лазермен түзетуге және жүйке жүйесі ауруларын дер кезінде анықтауға болады.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев