БАӘ-нің Sarte компаниялар тобы Ақтауға $4,5 млрд инвестиция салады
Араб әмірліктерінің Sarte компаниялар тобы Ақтауға 4,5 миллиард доллар инвестиция салады. Шетелдік мекеме бұл қаржыны қаланың EcoCity жобасын жүзеге асыруға жұмсайды. Маңғыстау өлкесінде жергілікті серіктес те табылып отыр. Қос тарап Қазақстанның Дубайдағы бас консулдығында кездесіп, тиісті келісімге қол қойды.
Ақтауда салынатын «EcoCity» жылжымайтын мүлік жобасы қазақ-әмірлік әріптестігінің жаңа деңгейін көрсетеді. Екі ел арасында орнаған тығыз байланыс дубайлық бизнестің Қазақстан нарығына көптеп енуіне септігін тигізіп жатыр. Оған дәлел «Sarte Project Management Services» компаниясы. Бірлестік құрылыс, жаңартылған энергия және мұнай мен газ саласында жұмыс істейді. Елімізде заманауи қала салу жобасына 4,5 млрд доллар бөлуге ниетті.
Хасан Рашид, Sarte project management services компаниялар тобының басқарма төрағасы:
-Ақтауда біз ұсынып отырған «EcoCity» жобасына қажеттінің бәрі бар. Теңіз жағалауы, су, кең атырап бәрі бір жерде тоғысқан. Мемлекет бұл қаланы туристік тұрғыда дамытуды көздейді. Біздің де мақсатымыз сол.
Бірлескен жоба аясында Каспий жағалауына экологиялық таза, смарт және көп бейінді қала бой көтереді. Оған жылжымайтын мүлік, коммерциялық нысан, саябақ, планетарий, спорт кешені, амфитеатр және 7 жұлдызды қонақүй кіреді. Аурухана, клиника және білім беру орындарының құрылысы да қарастырылған.
Әлібек Алмабеков, Қазақстан-БАӘ іскерлік кеңесінің тең төрағасы:
-Мемлекет басшысы «Жаңа Ақтау» жобасын жүзеге асырудың маңыздылығын атап өткен еді. Бұл қала заманауи қала болады, электркар жүреді. 60 мың ағаш отырғызылады. Гольф клуб, үлкен аквапарк салады. Бұл мақсаттарды орындау үшін еуропалық консалтингтік компанияларды тартуға, жаңа технологияларды дамытуға, Ақтауды көркейтуге үлес қосқысы келіп отыр.
Айта кетейік, «Sarte» компаниясының экологиялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі мол.
«EcoCity» - Ақтауға өзгеше өң беріп қана қоймай, оның бірқатар инфрақұрылымдық мәселесін реттейді. Себебі кешенді жоспарға 60 мың түп ағаш егіп, оны сумен қамту ісі де кіреді. Инвестордың айтуынша, Қазақстанның әйгілі батыс қақпасын түрлендіруге бас аяғы 10 млрд доллар жұмсалуы мүмкін. Соның тең жартысына жуығын «Sarte» компаниялар тобы бөледі. Қалғаны басқа серіктестер тарапынан тартылады.
Авторы: Рауан Мыңбай