Хабар телеарнасы

Қызылордалық криминалистер қылмыскерлерді ЖИ көмегімен анықтайды

Қызылордалық криминалистер қылмыскерлерді жасанды интелектінің көмегімен анықтайды. Ол үшін салаға озық технологиялар енгізіліп, мамандар даярланған. Бұл игіліктердің қандай артықшылықтары бар?

Өңірде криминалистика қызметі 1951 жылы құрылған. Сол уақытта қызметкерлер бір ғана фотоаппаратпен жұмыс істеген. Ал қазір мамандар озық ақпараттық жүйелерді пайдаланып отыр. Соның бірі «Папилон» деп аталады. Электронды дактилоскопия саусақтың немесе алақанның іздерін салыстырады. Бұл құрылғы арқылы тексеру жұмысары санаулы минутта атқарылады. Ал былтырдан бастап сарапшылар кез келген бейнежазба арқылы адамның жекебасын анықтай бастады. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Полиция іздеу салған адамдар мына бейнебақылау камерасына түсіп қалған жағдайда «Полифейс» технологиясы арқылы деректер базасымен салыстырыла отырып, оның жекебасы анықталады. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллектің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы қылмыскерді ұзаққа жібермейді. Бұл бағдарламаның көмегімен адамның ең ұсақ ерекшеліктерін де тануға болады екен. 

Қуаныш Шілдебаев, облыстық ПД Жедел-криминалистика басқармасының криминалисі:

- Бұрынғы таңда картатека арқылы қылмысты ашуға ұзақ уақыт кететін болса, қазір осы «Полифейс» арқылы уақытты үнемдеп, тез-тез қылмысты ашуға үлесін қосып отыр қазір. Бір күн, екі күн уақыт кететін, қазіргі таңда «Полифейс» арқылы 5-10 минуттың ішінде анықтап жатырмыз.

Алтынбек Әлімов – 10 жылдан астам тәжірибесі бар баллистик. Ол «КУБ» және «Спрут» атты екі заманауи қондырғының қыр-сырын меңгерген маман. Айтуынша, бұл кешендер оқ пен гильзаның сәйкестігін жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді.

Алтынбек Әлімов, облыстық ПД Жедел-криминалистика басқармасының бас криминалисті:

- Оқиға орнынан оқтың шамалы болса да, деформация болса да, ішінде кішкене кесілгені көрінсе де сол құрылғының арқасында. Соның барлығын анықтап жатырмыз. 

Бүгінде өңірдің криминалистика қызметінде 43 сарапшы жұмыс істейді. Цифрлық технологиялар бір ғана шаш талшығы арқылы адамның қан тобын, жынысын және жасын анықтауға мүмкіндік береді.  Ізіне қарап көліктің маркасын, оқтың қандай қарудан атылғанын анықтайды. Заманауи құрылғылар қылмыстың ізін суытпай ашуға көмектеседі.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Музарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев