Алдағы 6 жылда 1,5 млн астам кадрға сұраныс болады
Қазақстанда алдағы 6 жылда 1,5 миллионнан астам кадрға сұраныс болады. Олардың 900 мыңы кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкер болса, 400 мыңнан астамы жұмысшы маман.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, жұмысшы кадрлар құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен денсаулық сақтау салаларына керек болады.
Асқар Биахметов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
- Министрлік ауылдарда жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын: маусымдық қоныс аудару жолымен вахталық, мобильді кәсіпкерлік енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Бұған қоса солтүстік макроөңірде 22,8 мың жұмыс орнын құрумен 3,6 трлн теңгеге 116 инвестициялық жоба іске асырылуда. Орталық-шығыс макроөңірде 28,1 мың жұмыс орнын құрумен 13,4 трлн теңгеге 263 жоба іске асуда.