Хабар телеарнасы

Елордада адам саудасына қарсы күрес мәселелері талқыланды

Адам саудасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен құлдыққа қарсы қалай күреспек керек? 

Астанада Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында жаһандық кеселге қарсы күрестің құқықтық, әлеуметтік және практикалық аспектілері талқыланды.

Еңбек министрі баяндағандай, елде қазір 48 дағдарыс орталығында 5 мыңдай адам көмек алады. Ал ішкі істер органдары жыл басынан елдегі полиция департаменттері жанынан арнайы құрылым жасақталғанын мәлімдеді. Сондай-ақ адам саудасы құрбандарына 13 дағдарыс орталығында арнайы көмек көрсетіледі. Жиын барысында аталған орталықтар санын арттыруға ұсыныс әзірлеу ұйғарылды. Сондай-ақ соңғы бес жылда 1500 құжатсыз тұлға анықталған. Олардың арасында кәмелетке толмағандар мен адам саудасының құрбандары да бар. 

Тастемір Әбішев, ҚР Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

- Еңбекпен қанау, сексуалды қанау. Адамның органдарын, терісін заңсыз алып қою. Әйелдерді өз еркінен тыс суррогатты ана етуге мәжбүрлеу. Бұның бәрі сол құлдықтың заманауи түрлеріне жатады. Халықаралық көші-қон ұйымының және халықаралық еңбек ұйымының есептеуінше, тек қана мәжбүрлі еңбектен түсетін табыс жылына 150-160 млрд АҚШ долларын құрайды.