Әр бесінші түлек мамандық бойынша жұмыс істемейді – М.Әшімбаев
Жоғары оқу орнын бітірген әр бесінші түлек мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Кадр даярлау саласына жүйелі өзгерістер енгізу қажет, - деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Сенатта «Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі» тақырыбына арналған Парламенттік тыңдау өтті. Жиында колледждер мен кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайту, жастарды жұмысқа орналастыру, жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру мәселелері сөз болды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Мемлекет басшысы еңбек адамы ерекше орын алатын қоғам мен экономика құруға баса мән беріп отыр. Бұл – білікті кадрлар даярлау, жұмысшылардың құқықтарын қорғау, лайықты еңбек жағдайын қалыптастыру және еңбек идеологиясын дәріптеу қағидаларын қамтитын кешенді міндет.