Моңғолиядан алғашқы 8 отбасы атамекеніне оралды

  • 1081
  • 28.02.2025, 18:35

Ұлы көш қайта жалғасты. 8 отбасы атамекеніне оралды. Тағы 12 отбасы атажұртқа жазда келеміз деп тас-түйін дайын отыр.

Елордаға қоныстанған қандастарды Сарыарқа төрінде халық қалаулыларымен бірге атқарушы билік өкілдері құшақ жая қарсы алды. 

Құралай Жұмахан, тілші:

- Көш – қарға тамырлы қазақтың ортақ қуанышы. Қандастарымыздың көңіл күйі өте тамаша. Моңғолия мемлекеті Баян Өлгей аймағынан алғашқы 8 отбасы Ақмола облысы Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылына келіп жетті.

Жексенбай Хайв, қандас:

- Атамекенге деген сезіммен, махаббатпен Атамекенге ат басын тіреп жатырмыз. Тарих тегершігінің айналысы дейміз бе немесе тағдыр тәлкегі дейміз бе, ар жақ-бер жақта қалып қалған ағайындар бас қосып, құт боп жатыр. 

Мәриға Кәсіләмқызы, қандас:

- Бала-шағамыз қазақ жерінен оқысын, Атамекенінде болсын деп келдік. Қолымнан біраз нәрсе келеді. Ұлттық өнерді дамытқым келеді. 

Еліміз тәуелсіздік ала салысымен-ақ тағдырдың жазуымен жан-жаққа тарыдай шашыраған қандастарымызды бауырға тарта бастады. Осылайша алыстағы ағайын атажұртына ағылды. Бүгінде қазақ жеріне келгендер саны 4 млн-нан асады. 

Шәріпхан Шаймұрат, «Тұран» қандастарға қызмет көрсету орталығының басшысы: 

- Құжаттарының барлығын тапсырып қойды. Ықтияр хатқа да тапсырып қойды. Алдында келіп, ықтияр хатын алып алғандар қандасқа тапсырып қойды. Мемлекеттің көші-қон заңына сай берілетін квотасын қамтамасыз етіп беру, базаға кіргізіп беру деген жұмыстарды қолға аламыз. 

Атажұртына оралған әрбір отбасы мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем беріледі. Сондай-ақ ай сайын тұрғын үйді жалға алуға 70 айлық есептік көрсеткіш төленеді және экономикалық ұтқырлық сертификаты бар отбасына сатып алатын тұрғын үй құнының 50%-ті беріледі. 

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 20-шы баптың 5-тармағы деген кедергі бар. Тек белгіленген аймақтарға келу, ол да біраз кедергі жасап жатыр. Бірақ оны да реттеп жатырмыз. Қазір министрлікпен жұмыс істеп жатырмыз. Шетелдегі қазақтарды көшіріп алу — біздің ең басты мақсатымыз. Отандастар қорының мәліметінше, 7 миллионға жуық қазақ бар. Сол 1,5 млн-ы дайын бізге келуге. 

1,5 миллион емес, шеттегі 7 миллион қандасымыз түгел елге оралып, қазақ қынасына сыймай жататын күнге жетейік! Кісі елінде сұлтан болғанша, өз елімізде ұлтан болғанымыз жөн емес пе?

Құралай Жұмахан, Дархан Күнтуов