Хабар телеарнасы

Апаттан аман қалған зейнеткер құтқарушыларға алғыс білдірді

1 наурыз — Алғыс айту күні. Жезқазғанда шәкірт ұстазына, тұрғындар құтқарушыға алғыс айтты. Оқушылар тарыдай боп мектепке қадам басқанда оң-солын танытқан мұғаліміне тосынсый жасады. Ал айтып келмейтін апаттан аман қалған зейнеткер құтқарушыларға ризашылығын білдірді.

Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер. Жезқазғандағы №3 мектептің түлектері осынау тәмсілді берік ұстанған. Биыл мектепті тәмамдайтын 11-сынып оқушылары мереке қарсаңында бастауышта тәлім берген ұстаздары Наталья Боеваға алғыс айтты. Алғаш қалам ұстатып, жазу-сызуға үйреткен жанға шынайы тілектерін арнады.

Әлихан Мүбәрәков, №3 мектептің 11-сынып оқушысы:

- Әлі есімде, алғаш мектеп табылдырығын аттаған шағымызда біздің өмірге деген көзқарасымызды қалыптастырды. Оқушы ретінде емес, әрқайсымызға тұлға ретінде қарап, бар мейірімін аямады. Түрлі мәселе туындаған кездері әлі күнге бастауыштағы ұстазымыздан ақыл-кеңес сұраймыз. Аз да болса жетістікке жетіп жатсақ, қуанышымызды бірінші сол кісімен бөлісеміз.

Наталья Боева 30 жылдан астам уақыт ұстаздық етіп келеді. «Жауапты қызметте жалықпай жүргенім шәкіртерімнің ықылас-пейілінің арқасы», - дейді ол.

Наталья Боева, №3 мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

- Бұл мен үшін үлкен тосынсый болды. Осыдан 10 шақты жыл бұрын тәлім берген оқушыларым шынайы тілектерін айтып жатыр. Ұстаздарын ұмытпаған оқушыларыма менің де айтар алғысым зор.

Жезқазғандық Лилия Жолтикова «Өрт сөндірушілерге алғысым зор», - дейді. Жақында оның пәтері өртеніп, өз өміріне де қауіп төнген.  Нұрболат Сандыбаев бастаған өрт сөндірушілер жасағы зейнеткерді тілсіз жаудан құтқарып қалған.

Лилия Жолтикова, қала тұрғыны:

- Электр сымынан шыққан от пәтер ішіне тез таралды. Құжаттарымды жинастырамын дегенше түтінге тұншығып қалдым. Өрт сөндірушілер өздерін нағыз кәсіби маман ретінде көрсете білді. Жедел қимылдап, өрттің жалпы үйге таралуына жол бермеді. Алғыстан басқа айтарым жоқ.

Нұрболат Сандыбаев, №1 МӨСБ аға инженері:

- Біз үшін ең бастысы халықтың амандығы. Бізге әрбір рақмет айтқан үшін біз одан күш-қуат аламыз. Рухымыз көтеріліп, жұмысқа деген ынтамыз ашылады.

Алғыстың үлкен-кішісі болмайды. Тек шынайы көңілден шықса болғаны.  Себебі алғыс білдіру адамдар арасындағы өзара құрметті арттырады. Ал шынайы алғысқа бөлену рухани күш береді.

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев