Хабар телеарнасы

Алматыдағы №1 балалар үйі Қонаев қаласына көшірілмейді

Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаев қаласына көшірілмейді. Балалар Алматыдағы үйреншікті үйлерінде қалады. Бұл жөнінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді. Бұған дейін әлеуметтік желілерде «Балалар үйі жабылып, орнына тұрғын үй кешені салынуы мүмкін», деген бейресми ақпарат тараған еді. 

Балалар үйі Алматының таулы аймағында «Бағанашыл» ықшам ауданында орналасқан. Ғимарат 1963 жылы салынды. Мұнда 100-ден астам бала тәрбиеленеді. Соңғы уақытта үйді Қонаев қаласына көшіреді деген сөз жиі айтыла бастағандықтан тәрбиеленушілерден маза кеткен. Бұл шешімге мекеме ұжымы да қарсы болған. Бүгін қоғам белсенділері жиналып, наразылықтарын білдірді.

Анатолий Вилкин, балалар үйінің тәрбиеленушісі:

-Мен көшуге қарсымын. Қонавта салынатын жаңа ғимаратқа барғым келмейді. Өйткені ол жерге үйренісу қиын болады. Бізге осы жер ыңғайлы.

Юлия Нестерова, қоғам белсендісі:

-Бізде сұрақ көп. Балалар үйінің түлегіміз. Осында өстік. Есейіп кетсек те, үнемі көмектесіп, демеушілік жасаймыз. Балалар үйіне тиесілі жер аумағы бар. Соны балалардан тартып алғылары келеді. Үйді басқа жерге көшіргенше, бос жерге жаңа ғимарат салуға болады ғой.

Наразы топтың уәжі орынды. Өйткені оларға ешкім мәселені түсіндіріп, нақты ақпарат бермеген. Тіпті балалар үйінің басшылығы да белсенділермен кездесуге шықпады. Мәселеге байланысты Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлімдеме жасады. Әкім балалар үйінің директорымен және тәрбиеленушілерімен кездесіп, алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Оның сөзінше Алматыда білім алып жүрген тәрбиеленушілер өздеріне үйреншікті ортада оқуын жалғастырады, ал жаңадан қабылданатын балалар Қонаев қаласына орналастырылады.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

-Балалар Алматыда қалғылары келетінін айтты, өйткені жаңа ортаға бейімделу және әлеуметтік ортадан ажырау олардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Шешім қабылдауда осы фактор басты назарға алынды.

Өңір басшысы Қонаевта 240 орынға арналған балалар үйі салынып жатқанын айтты. Жалпы ауданы 4000 шаршы метр заманауи ғимараттың ашылуы жаз айларына жоспарланған. Бұдан бөлек ғимараттың бір бөлігі инфрақұрылымдық мәселелерге тап болған Нүсіпбаев атындағы интернатқа беріледі.

Авторлары: А.Садуақас, Р. Жақыпов