Қарқаралы халқы ауызсуға жарымай отыр. 50 жыл бұрын қазылған ұңғымалар қаланы тіршілік нәрімен толық қамтамасыз ете алмайды. Себебі жерасты су қоры аз. Осыған байланысты 37 шақырым қашықтағы Жарлы жерасты су көзінен құбыр тартылған. Бұл жоба өткен жылы іске қосылуы тиіс еді. Алайда кейінге шегерілген болатын. Қарқаралы қаласындағы ауызсу мәселесі қашан шешіледі?
Қарқаралы тұрғыны Несіпхан Темірғалиевтің айтуынша, қалаға Жарлыдан су 1987 жылдары тартыла бастаған. Кейін жоба қаржының жоқтығынан тоқтап қалып, құбыры түгел тоналған. Сондықтан жұрт жылдар бойы ескі ұңғымадан шығатын суды тұтынуға мәжбүр. Алайда қысымның жоқтығынан тіршілік нәрі жиі тоқтап қалады.
Несіпхан Темірғалиев, Қарқаралы қаласының тұрғыны:
-Жаздынгүні суға деген сұраныс жоғары болады. Ел кәдімгідей бау-бақшаларын суғарады, басқа да жағдайларға пайдаланады. Енді соның деңгейінің де түсіп кеткен жағдайы болған шығар. Сондықтан судың тапшылығы қыс айларында да болып тұрады.
Қарқаралы қаласының халқы тәулігіне шамамен 1 мың текше метр су тұтынады. Қаланы мынадай 4 скважина қамтамассыз етеді. Жарлы жерасты су көзінен келетін құбыр іске қосылған соң, бұл скважиналар консервацияланып, қосымша ретінде тұрады.
Ұңғымалардың қазылғанына 50 жылға жуықтаған. Олар қаланы толық тіршілік нәрімен қамтамассыз ете алмайды. Себебі жерасты су қоры аз. Осыған байланысты 37 шақырым қашықтағы Жарлы жерасты су көзінен құбыр тартылған.
Мейірлан Сәдуақасов, Қарқаралы ауданы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің меңгерушісі:
-Бұл жобада тәулігіне 1600 текше метр су беріледі деп жоспарланып отыр. Енді бүгінгі күні қосып тексеру жұмыстары қалды. Негізі 2024 жылдың аяғында бұл жоба іске қосылу керек еді. Қарқаралы қаласының ішкі су желілері дайын болмағандықтан 2025 жылға шегертілді.
Қала ішіндегі құбырлардың жалпы ұзындығы 34 шақырым. Оның 80% тозып тұр. Былтыр 10 шақырымы жаңартылды.
Ғалым Мұсағалиев, «Қарқаралы су» КМК басшысы:
-Сол 34 шақырымды айырбастап жатырмыз енді. Қаланың ішіндегі құбырды айырбастаудың өзгешелігі бар. Анау далаға салғандай емес. Өйткені қаланың ішінде коммуникациялар бар ғой. Оптика волокно, теплотрасса дейді, канализация бар. Сондықтан бөгеттер болады.
Қарқаралыда 9 мыңнан астам халық тұрады. Ғалымдардың пайымынша, Жарлы жерасты суы қаланы ғана емес, маңайдағы ауылдарды да қамтамасыз етуге жетеді. Жоба өлке экологиясына да оң серпін бермек. Себебі шаһар ішіндегі ескі ұңғымалар орманның жерасты су қорын азайтып, тау баурайындағы қарағайлар жыл өткен сайын сиреп барады.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков