Алматылық ардагер 101 жасқа толады
Алматылық Василий Зинченко 26 наурыз күні 101 жасқа толады. Ғасыр жасаған қарт ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі ерекше сәттерді әлі ұмытпаған. «Қызыл Жұлдыз» және «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің кавалері неміс генералдарын құрықтаған, жау жерінен аман шыққан екен.
Василий Зинченко Алтай өлкесінде көпбалалы отбасында дүниеге келген. Соғыс басталған кезде 17 жастағы бозбала алғашқылардың бірі болып әскерге аттанған. Ол барлаушылар мектебінде оқып, соғыстың соңына дейін барлау ротасында қызмет етті. Бірнеше рет жау тылына барлау жүргізіп, неміс арнайы жасағының тұзағына түсіп қалады. Бес сарбаздың ішінен жалғыз өзі тірі қалған Василий ақсақал өзін партизандардың қалай құтқарғанын ұмытқан емес.
Василий Зинченко, соғыс ардагері:
-Менің көзім ілініп кеткен кезде біреу мені түртіп оятты. «Бәрі бітті, енді аман қалмаспын»,-деп ойладым. Біреуіне тап бердім. Сөйтсем, олар партизандар екен. Украиндықтар. Ал мен украин тілін жақсы білетінмін. Олар мені атқа мінгізіп өздерімен алып кетті.
Василий Зинченко 1943 жылы 31 қаңтарда Сталинград түбінде ерлік жасап көзге түседі. Сол күні неміс фельдмаршалы Фридрих Паулюс тұтқындалады. Вермахт әскерінің қолбасшысы генерал Паулюсті 38-мотоатқыштар бригадасының жауынгерлері тұтқындағаны тарихтан белгілі. Олардың арасында барлаушылар да болыпты.
Василий Зинченко, соғыс ардагері:
-Неміс қолбасшыларын тұтқындап, сыртқа алып шыққан кезде оның генерал Паулюс екенін көрдік. Жанында тағы да шенділер болды. Кейін сұрақ-жауап кезінде ол өзі және қасындағы офицерлердің кім екенін айтты.
Василий Зинченко соғысты Польшада аяқтайды. Ол ауыр жараланып далалық госпитальда ұзақ уақыт емделді. Кейіннен жас сарбаз Өзбекстанға әрмен қарай Түрікменстандағы әскери училищеге жіберілді. Содан соң Алматыға қоныс аударып, жұмысшы мамандығын меңгеріп, отбасын құрды.
Людмила Ладушкина, ардагердің қызы:
-Ата-анамның махаббаты шынайы махаббат болды. Олар 73 жыл бірге өмір сүріп, төрт бала тәрбиелеп өсірді. Қазір жеті немересі, он үш шөбересі және екі шөпшегі бар. Біз осындай әкеміздің барына мақтанамыз. Олар бізді, немерелерін лайықты азамат етіп тәрбиеледі.
Көптеген жауынгерлік марапттарға ие болған Василий Зинченко 26 наурыз күні өзінің 101 жасқа толған туған күнін атап өтпек.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов