Қарағанды облысында 400-ге жуық адам баспана кезегінде тұр
Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында 400-ге жуық адам баспана кезегінде тұр. Бұл тізімге іліне алмай жүргендер де жетерлік. Жылдар бойы тозығы жеткен үйді жалдап тұрып жатқан отбасылар бар. Баспана мәселесі қашан, қалай шешілмек?
Ұлболсын Қашаубаева үш баланың анасы. Қарқаралыда тозығы жеткен үйді отбасымен жылдар бойы жалдап тұрады. Баспана кезегіне осы уақытқа дейін тұра алмаған.
Ұлболсын Қашаубаева, Қарқаралы қаласының тұрғыны:
- Көпбалалы аналар, мүгедек адамдар алады, сіздер ешқандай санатқа жатпайсыздар, - деді. Енді осылай жүрміз енді. Онша үй салынып жатқан жоқ қой өзі Қарқаралыда. Үйдің кезегінде қаншама жыл тұрып жатқан кісілер де бар.
Қарқаралыда тек соңғы үш жылда тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Қалада үшқабатты 6 баспана пайдалануға берілген. Оларға 100-ден астам отбасы қоныстанды. Тағы 18 пәтерлі бір үйдің құрылысы биыл аяқталады. Алайда бұл жеткіліксіз. Аудан бойынша баспана кезегінде 400-ге жуық адам тұр. Осыған байланысты жергілікті билік тағы 7 үйдің құрылысы үшін жер учаскелерін белгілеген.
Мейірлан Сәдуақасов, Қарқаралы ауданы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің меңгерушісі:
- Инженерлік желілерін бірінші тартып береді. Сосын жер учаскесін аукционға шығарады. Сол қазір 3 учаскенің құжаттары аукционға дайын. Бұл жерлерге әлеуетті құрылыс салушы мердігерлерге шақырту жібердік.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Қарақаралыда тұрғын үй құрылысы баяу жүруінің бір себебі – қала маңындағы жер учаскелерінің көбі ұлттық табиғат паркіне тиесілі болуынан, - дейді мамандар. Заң бойынша ол жерлерге үй салып, қала шеңберін кеңейтуге болмайды. Сол себепті жергілікті билік меншікті жерлерді сатып алып, үй салуға көшкен.
Бұл жерлер кезінде түрлі нысан салуға алынған. Қазір учаскелерді сатып алу жөнінде иелерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Ерлан Аманбаев, Қарқаралы ауданы тұрғын үй инспекциясының басшысы:
- Бұрын енді қала басында ғана алынатын үйлер. Осы жылдан бастап аудан әкімінің басшылығымен ауылдарда үйлер салынып, көпбалалы отбасыларды тартайын деп жатыр.
Ауданда екінші нарықтағы үйлерді сатып алу жұмысы да қолға алынған. Соңғы үш жылда кезекте тұрған 30 отбасы осындай жолмен баспаналы болыпты. Жаңа заңға сәйкес, ешқандай әлеуметтік топқа жатпайтын Ұлболсын Қашаубаева сынды жандар да таяуда баспана кезегіне тұра алады,-дейді тұрғын үй инспекциясының мамандары. Ең бастысы, атында соңғы 5 жылда баспана болмауы шарт. Жалпы Қарағанды облысы бойынша биыл 500 тұрғын үй салынады.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит