Синоптиктер көктемгі су тасқынынан биыл да қауіп болуы мүмкін деп болжап отыр. Сондықтан құтқарушылар апаттың алдын алуға бағытталған іс-шараларды қолға алды.
Ақтөбеде ондаған саяжайды су басуы мүмкін. Әсіресе Елек пен Қарғалы өзендерінің бойындағы баспаналарға қауіп бар,- дейді Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары. Аталған өзендердің тоғысқан тұсында кептеліс болмау үшін алдын ала мұз жару жұмыстары жүргізілді.
Қарғын судан қорғау үшін саяжайлардың айналасына ор қазылып, баспаналардың маңына бөгет тұрғызылып жатыр. Шаһар көшелеріндегі суағарлардың қары аршылып, Сазды өзеніне қосылар тұсы тазартылды. Қаланың комуналдық қызмет өкілдеріне 400 сарбаз көмектесіп жатыр. Облыс орталығынан 255 мың текше метр қар шығарылды.
Мирас Әжібаев, Астана ауданы әкімдігі ТҮКШ бөлімінің жетекшісі:
- Батыс-2 ықшамауданы біткенен кейін қаламыздағы Сәңкібай батыр көшесінде орналасқан үлкен каналды тазартамыз. Сонымен қатар Мәскеу ықшамауданындағы, қаланың орталық көшелерінде орналасқан кіші суағар кәріз-арықтарын тазарту жұмыстарын жүргіземіз.
Биыл ақпанда жауған қардың көлемі орташа айлық көрсеткіштен екі есе артық. Синоптиктер наурызда жауын-шашынды болады деген болжам жасап отыр. Жердегі тоңның қалыңдығы да мамандарды алаңдатады.
Айбат Жаңабергенов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Бүгінгі күнге дейін жер тоңының тереңдігі 16 см бастап 120 см дейінгі аралықты құрап отыр. Бізде былтыр 100-ге дейін болды. Қауіп жоғары. Соған байланысты енді біз департаменттің барлық күш-құралдарын дайындыққа келтіру жұмыстарын бастап кеттік.
Синоптиктер наурыз айында күн райы құбылмалы болады,- дейді. Ауа температурасы орташа көрсеткіштен 2 градусқа жоғары болмақ.
Лариса Тарасенко, «Қазгидромет» РММ облыстық филиалының бөлім басшысы:
- Наурыздың 10-на дейін облыс аумағында жауын-шашын болады. Түнде қар жауып, күндіз облыстың оңтүстік аудандарында жауын, солтүстікке қарай қар аралас жаңбыр жауып, солтүстігінде қар жаууы ықтимал.
Тасқынның алдын алуға 2 400-ден астам адам мен 866 арнайы техника жұмылдырылған.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов