Ерлік даңқы өшпейді
Адамзат тарихында бұрын-сонды болмаған сұрапыл соғыстың аяқталғанына биыл 80 жыл толады. Жаудың сағын сындырып, жеңіске жеткізген ардагерлердің саны азайып барады. Бүгінде соғыс көрген қарттардың ең жасы 100-де. Соның бірі алматылық Қамбар Сәрсен.
Соғыс оты тұтанғанда ардагер Қамбар Сәрсен небәрі 17 жастағы бозбала еді. Қостанай облысының шағын ауылында өскен жас Қамбар 1942 жылы әскерге шақырту алады. Бұл уақытта кеңес әскері барлық бағытта жаудың шабуылын тоқтатқанымен, дұшпан әлі осал емес еді. Сондықтан тың күш керек болатын. Қамбар Сәрсен Түмен қаласында жарты жыл дайындалып, 1943 жылы алғаш рет Мәскеу маңындағы ұрысқа қатысады. Бір жылдан кейін кеудесіне тиген оқ 3 қабырғасын сындырып, өкпе мен жауырынын тесіп госпитальге түседі. Алты ай емделіп, аяққа тұрған соң 51-ші атқыштар дивизиясының барлаушылар ротасына ауысады.
Қамбар Сәрсен, соғыс ардагері:
- Батальонның командирі «встать и вперед» десе ешкім тұрмайды. Сосын үшеуімізге «давай, надо помощь командиру» сол үшеуміз тұрып, біз тұрған соң сарбаздар да тұрды. Сонда арт жағымнан біреу атқанда мына балтырға оқ тиген ғой. Екінші рет сонда жараландым.
Мәскеуден кейін Беларусь, Латвия, Литваны және Польшаны жаудан азат етеді. Әрмен қарай шығыс Германияға дейін барған. Барлаушылар ротасында жүріп қиын тапсырмаларды орындайды. Бір жылда бес орден алады. Майдангер I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, II және III дәрежелі «Даңқ» ордені және «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Өткен ғасырдың қасіретін көзімен көрген Қамбар ақсақалдың бар тілегі – ел амандығы.
Қамбар Сәрсен, соғыс ардагері:
- Сол тілегім, біздің жас отбасыларда жалғыз бала болмасын, бірнеше бала болсын деп тілеймін. Сосын оқып жүрген балалар оқуын жақсы оқып, жақсы маман болып, елімізге өзінің мамандығымен жақсы қызмет етсін деп тілеймін.
Қамбар қария соғыстан кейін жоғары білім алып, 33 жыл ішкі істер саласында қызмет атқарды. Зейнетке шыққан соң энергетика саласында 17 жыл талмай еңбек етті. Отбасын құрып, үш бала тәрбиелеп, немерелі, шөберелі болды. Биыл қазан айында ардагер Қамбар Сәрсен 101 жасқа толады.
Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев