Ақмола облысында көктемгі егіс науқанына дайындық қызу жүріп жатыр
Ақмола облысында көктемгі егіс науқанына дайындық қызу. Биыл аймақ диқандары 5 млн 400 мың гектардан астам жерді игереді. Оның 90 пайызына астық дақылдары себіледі. Жалпы өңірдегі егіс науқанына 15 мыңнан астам техника жұмылдырылмақ
Зеренді ауданына қарасты Өркен ауылының шаруалары егіс науқанына дайындықты аяқтауға жақын. Қазір тұқым тазалап жатыр. Техникаларды да күн сайын тексеріп тұрады. Биыл серіктестік 23 мың гектарға дән сіңіруді көздеп отыр. Күн райы қолайлы болса, науқанды жылдағыдан сәл ерте бастауға ниетті.
Талғат Ысқақов, агроном:
- Биылғы егіс науқанына дайындықты біз былтыр күзден бастап кеттік. Яғни өнімді толығымен алған соң алқаптарға химиялық өңдеу жүргіздік. Одан кейін тұқым қорын дайындадық.
Қазір серіктестіктің егіс алқабы толығымен цифрландырылған. Бұл шығынды азайтып, мол өнім жинауға мүмкіндік береді,-дейді мамандар. Мәселен, былтыр шаруашылықтағы егіннің орташа өнімділігі гектарынан 20 центнерден асқан.
Талғат Ысқақов, агроном:
- Бұл бағдарлама бізге өте тиімді. Өйткені барлық ақпаратты баста сақтау қиын ғой. Бұрын біз арнайы журнал ашып, соған жазып отыратынбыз. Қазір осы жүйеге енгіземіз. Тіпті осы бағдарлама арқылы алқаптағы өсімдіктің бойын, өсу жылдамдығын бақылауға болады. Осылайша өнімділікті жыл санап арттырып келеміз.
Өңірде ауыл шаруашылығын әртараптандыру жұмыстары биыл да жалғасады. Әсіресе майлы дақылдарға баса көңіл бөлінбек.
Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Биылғы жылы майлы дақылдардың көлемі 20 мың гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 389 мың гектар алқапқа майлы дақылдар егілетін болады. Және картоп дақылдарының да егіс көлемі ұлғайып, 8900 гектар алқапқа картоп егіледі. Керісінше бидай дақылдарының көлемі әртараптандыруға сәйкес 81 мың гектарға азайып отыр. Жалпы көлемі 3 млн 900 мың гектар жерге бидай дақылдары егілетін болады.
Ақмола диқандары биыл астықтың өнімділігін арттыруды көздеп отыр. 540 мың тонна тұқым дайындалды. Сондай-ақ жыл басынан бері 200-ге жуық шаруа «Кең дала» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алған. Әзірге егіс науқанынының қашан басталатыны белгісіз. Сәуір айының ортасында ылғал жабу жұмыстары жүргізіледі.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко