БҚО-да мемлекеттік гранттар мақсатсыз жұмсалған
Батыс Қазақстан облысында жұмыссыздарды қайта оқытып, еңбекке орналастыруда жалған есеп берілген,-дейді Антикор мамандары. Яғни мемлекеттік гранттар мақсатсыз жұмсалған. Мәселен, Жәнібек ауданындағы кәсіптік колледжде аспаз мамандығы бойынша оқыған 15 адамның бәрі де қағаз жүзінде шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасқан. Ал шын мәнісінде 15-тің 10-ы еш жерде еңбек етпейтіні анықталған.
Сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілген 63 млн теңгенің 121 гранты мақсатсыз пайдаланылған. Мәселен, ателье ашу үшін 505 мың теңге грант иеленген ауыл тұрғыны бірде-бір жабдық алмастан, ақшаны жеке қажетіне жаратып жіберген.
Біржан Хайруллин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО департаментінің басқарма басшысы:
- Бұл жағдай жосықсыз грант алушылардың бюджет қаражатын ысырап ету тәуекелдері бар. Нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалардың мақсаттарын орындамауға әкелуі мүмкін. Яғни осы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін цифрлық теңгені енгізу арқылы жою жөнінде ұсыныс берілді. Бұл ұсыныстың орындалуы департаменттің қатаң бақылауында.