Хабар телеарнасы

АӨК және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Премьер-министр FAO-ның өңірлік өкілі Виорел Гуцумен агроөнеркәсіп кешені және су ресурстары саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Қазақстан дәнді және майлы дақылдар өндіру мен экспорттау бойынша Орталық Азия өңірінде көшбасшы. Кездесуде Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытып, өңделген өнім үлесін 70%-ке дейін жеткізуге ниетті екенімізді жеткізді.

Алдағы үш жылда агроөнеркәсіп кешені саласында құны 4,8 млрд доллар болатын 600-ден астам инвестициялық жобаны іске асырмақ. Бұл мақсаттарға қол жеткізуде FAO маңызды стратегиялық серіктес.

Виорел Гуцу Қазақстанның агроөнеркәсіп секторындағы елеулі әлеуетін атап өтіп, ауылдық аумақтарды орнықты дамыту үшін ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту және бірлескен бастамаларды табысты іске асыру үшін өзара іс-қимылды нығайтуға дайындық расталды.