Алматыда ерекше баласы бар аналарға арналған орталық ашылды
8 наурыз мерекесі қарсаңында Алматыда ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға арналған орталық ашылды. Әлеуметтік жоба «Смарт Балақай» деп аталады. Ол жерде әйелдер баспа мен тігін өнеріне машықтанады. Аналар аптасына 2-3 рет қана жұмысқа шығады. Осылайша баласына да қарап, қоғамдық ортаға бейімделіп те үлгереді. Жалақыны мемлекет төлейді. Ал баспаға қажетті үй-жайды әкімдік жеңілдікпен жалға беріп отыр.
Бұл ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардың қолынан шыққан бұйымдар. Оны өздері жасаған. Арасында балалардың ұсақ қол моторикасын дамытатын жұмсақ мұқабалы кітаптар бар. Орталықтың ашылуына осында жұмысқа шығамын деп ұсыныс білдірген аналар түгел келді. Олар екі бағытта баспахана және тігін өнері бойынша жұмыс істейді. Солардың бірі Айзада Әлібекқызы. 27 жылдан бері ерекше болып туған ұлын бағып келеді. «Оны басқа түскен қиындық емес, сынақ деп қабылдадым. Мұндай бастама дәл мен сияқты аналарға үлкен қолдау»,– дейді.
Айзада Әлібекқызы, Алматы қаласының тұрғыны
-Ерекше балалардың аналары біз тұрақты жұмыс істей алмаймыз.
Жобаның негізін қалаушы Зухра Қасайынова. Бұл екінші орталық. Оған дейін былтыр Алматы облысының Талғар ауданында «Ұлттық құндылық» қолөнер орталығын ашқан. Оның айтуынша, аналар ерекше бала дүниеге келген соң бар ғұмырын соған арнауға дайын болады. «Бірақ өзінің де өмірі, айналысатын сүйікті ісін ұмытпауы керек»,– деп есептейді.
Зухра Қасайынова, орталық жетекшісі :
-Мен баламның арқасында көп жайтқа көз жеткіздім. Қамкөңіл болып жасый бермей, керісінше көпке үлгі болу қажеттігін түсіндім. Өзге аналардың сыртқа шығуына, жұмыс істеуіне себепші болып жатырмын. «Бақытты ана – бақытты отбасы» деп айтамын. Сондықтан мен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған барлық аналар қол қусырып отырмаса екен, олардың жалғыз емес екенін түсінсе екен деймін.
Балық берме, қармақ бер. «Зекет» қорының ұстанымы осындай. Қор дәл осындай орталықтарға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бүгін 10 тігін машинасын сыйлады.
Бауыржан Қарашбайұлы, Орталық мешттің наиб имамы:
-Біз тағы да тігін машина қажет болып жатса, алып беруге дайынбыз. Себебі бұл жердегі аналардың алға қарай талпынысы, алға қарай дамуы бізді шабыттандырып, қуандырып жатыр.
Мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналар үнемі әлеуметтік тұрғыдан қолдауды талап етеді. «Смарт Балақай» жобасы соның бір көрінісі ғана. Баспа ертеңнен бастап жұмысын бастайды.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон