Әйел физикалық тұрғыдан ер-азаматтарға қарағанда әлдеқайда мықты – мамандар
Мамандар әйел жаны нәзік бола тұра, олар физикалық тұрғыдан ер-азаматтарға қарағанда әлдеқайда мықты екенін айтады. Өмірге бала әкелуден бөлек, жүк көлігін жүргізу, мұнайшы болу, өрт сөндіру, қару алып, ел қорғау, спортта топ жару да қолдарынан келеді. 70-80-ге келсе де, бүгінде спортты жанына серік еткен апа-әжелеріміз баршылық.
Тарих бедерін қарасақ, қаһарман қыздар мен қара нардың жүгін көтерген ақ жаулықты аналарымыз қаншама?! Әйел-ана спортта да жетістікке жетіп келеді. Мәселен, 40 жыл ұстаздық қызмет атқарған Гаухар апа кейін өмірін отбасына арнаған. Сөйтіп 2022 жылы спортқа баруға бел буады. 82 жастағы әже бала кезінен дене қозғалысына икемді болған.
Гаухар Жаңабаева, қала тұрғыны:
-Спорттың берері көп. Жастар 18 күніге жұмыста содан кейін машинаға отырады, спортпен айналыспайды. Біздің емес, балаларымыздың денелері қатып қалған. Алдымызда келе жатқан халықаралық 8 наурыз мейрамымен әйел қауымын құттықтағым келеді. Сауатты болып, әрбір күнін бос өткізбей үйде, спортпен шұғылданғандарын тілеймін!
Ал бұл – 78 жастағы Тамара Омарова. Президент іс басқармасы Медициналық орталығында 20 жыл бас аспаз болып істеген. Бұрын-соңды спортпен айналыспаған. Арқа тұсы құрысып, бел ауруы мазалап, жүре алмай қалған. Емханада мұның бәрі кәріліктен деп айтқан. Спорттың арқасында барлық ауруынан айыққан. Қазір шпагатқа да отырады, гимнастикамен де айналысады.
Тамара Омарова, қала тұрғыны:
-Мен ауруханадан шықпайтымын. Сөйтіп қазақша гимнастика бар деп естідім. Мұнда келіп жүргеніме 1,5 жыл болды. Алғашқы апта оңай болмады, содан кейін бойым үйрене бастады. Міне, жылдан асты дәрігерге мүлде барған жоқпын.
Үйде де, қоғамда да тынымсыз тіршіліктен қол үзбейтін 69 жастағы Ырысты апа балаларын да спортқа баулып өсіруде. Өзі 10 жылдан бері жаттығу залдарына аптасына 3-4 рет бас сұғады. Жас күнінде есепші болып қызмет атқарған ол бүгінде өмірін спортсыз елестете алмайды.
Ырысгүл Боранбаева, қала тұрғыны:
- Алғаш келген кезде грыжа болып келдім, қыздарым алып келді. Содан 10 күнде жақсы боп қалдым. Қаным жақсы жүреді, осы жерге келсем давлением шықпайды, менде сахар бар, сахарым қалпына келді.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елімізде балалардың 60 проценті спортпен айналыспайды. Есесіне, спортты жанына серік еткен қарттар көбейген. Өздеріңіз көріп тұрғандай мына залда 70-80-дегі апа-әжелеріміз күнделікті йогамен айналысады. Иә, адам денсаулығы – қоғамның өлшеусіз байлығы. Сондықтан спорт денсаулық кепілі екенін бір сәт те естен шығармағанымыз абзал.
Авторлары: Құралай Жұмахан, Айдос Меделханов