Мерекеде гүл бағасы 12%-ке қымбаттайды

  • 369
  • 07.03.2025, 18:30

8 наурыз – арулардың шуақты мерекесі ғана емес, қызу сауда уақыты. Бұл күні гүлге деген сұраныспен бірге баға да шарықтай түседі. Мамандар: «Мерекеде гүл бағасы 12%-ке қымбаттайды», -деп отыр. Ал ерлер қауымының бұған көзқарасы қандай? Көбіне олар қандай гүлдерді таңдайды?

Дана Әлиева, тілші:

- Біреулер 8 наурызды қызғалдақсыз елестете алмайды. Ал енді біреулер гүлдер солып қалады деп бөлме өсімдіктерін таңдайды. Қыз-келіншектер не ұнатады? Биылғы тренд қандай?

Мереке жақындағаны гүл сататын желілерде анық байқалады. Себебі жұмыс қауырт. Тапсырыс көп.

Әсіресе биыл қызғалдақ пен раушан гүлдерге деген сұраныс жоғары. Содан болар, бағасы да 25%-ке артқан.

Наурызбай Құрманғазы, гүл дүкенінің иесі:

- Мерекеге қарсы гүл бағасы қымбаттайды. Ол айдан анық. Себебі бізге келетін гүл бағасы да қымбат келеді. Бір орташа бағамен айтсақ, раушан гүлдері 800 теңгеден. Хризантемалар 1500-нан және қызғалдақтар 700-800 деген секілді бағада сатылып жатыр.

Аяулы аруларын қуантқысы келетін ерлер қауымын гүл бағасы тоқтатпайды. Орташа есеппен ерлер гүлге 30 мың теңге жұмсауға дайын.

Нұрдәулет Болатов, қала тұрғыны:

- Аналарымызды, аруларымызды, ғашықтарымызды гүлсіз қалдыруға болмайды. Гүлол энергия, гүл ол көңіл-күй. Сондықтан шама келгенше қуантуға тырысу керек.

Аруларды қуанту үшін студенттер де барын салуда.

- Біздің топта 27 қыз баласы бар. 2 ұлмыз. 27 қызғалдақ гүлді алып жатырмыз. Осы өзінің маусымында өсетін ерекше гүл болғандықтан.

Қыз-келіншектерге гүл басты сыйлық болмаса да, жақсы көңіл күй нышаны. Сондықтан оны әдемілеп қаптауға аса мән беріледі.

Дана Үсей, флорист:

- Бұрын көбінесе монобукеттерді алатын. Ол – қызыл және ақ раушан гүлдері, түссіз қаптамаға қаптап. Ал қазір біз евробукеттерді көп жасаймыз. Түрлі контраст түстерді қолданамыз.

Қалтаға қарай көсілсе, гүлдің түрі де, түсі де көп. 10 мыңнан бастап 100 тіпті, 300 мың теңгеге дейін гүл шоқтары бар. Бірақ бастысы баға емес – ниет.

Солмайтын гүлмен аяулы жандарына 1 күндік емес, ғұмырлық өсімдік сыйлайтындардың да қатары көбейген.

Бауыржан Сағынғалиев, қала тұрғыны:

- Бөлме өсімдігін алған себебім – ол әдемі болып, жайқалып өседі. Гүлдеп, әйелімді қуантып тұрады. Жарым үшін мереке бір күнмен шектелмей, есінде қалсыншы деген ниетпен алдым.

Бөлме өсімдіктері арасында әйел бақыты гүлі, раушан, орхидея, бақыт гүл, ана жүрегі гүлі, нәркес, гиацинт сынды өсімдіктер сұранысқа ие. Сатып алушылар арасында ерлер қауымынан бұрын жақындарына қуаныш сыйлағысы келетін қыз-келіншектер көп.

Малика Сапарғалиева, бөлме гүлдері дүкенінің иесі:

- Бұл қазір нағыз экологиялық тренд. Интерьерге сән беріп, ауаны тазартады. Әрі бағасы да қолжетімді. Өзім достарыма қандай мереке болса да бөлме өсімдіктерін сыйлап, қуантып тұрамын. Жайқала өскен гүлдер, әр күннің сәнін келтіреді.

Бөлме өсімдігі ме, гүл ме, қай сыйлық болсын, бастысы – шынайы ықылас.

Дана Әлиева, Диас Ковланбаев