Екі күнде жолда қалған 318 адам құтқарылды
Еліміздің барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Боран соғып, күн райының бұзылуына байланысты жолда көлік қозғалысы уақытша шектелді. Бүгін Астанада көктайғақ салдарынан жүзге жуық жол апаты болды. Ел аумағында төтенше жағдайлар қызметі 8 наурыздан бері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Соңғы екі күнде жүздеген адам құтқарылып, 38 көлік қар құрсауынан шығарылды.
Арнайы техника болмаса жеңіл көлікпен дәл қазір жолға шығу мүмкін емес. Қардың қалыңдығы өз алдына, жолдың көрінуі де нашар. Десе де, тәуекелге бас тігіп жатқандар табылады. Оның салдары түсінікті. Мәселен, Павлодар облысында 4 адам мінген жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойған.
Жалпы кешелі бері елдің 6 өңірінде автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды. Ол Абай, Ақмола, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстары. Апатты-құтқару қызметі 318 адамды құтқарған. Оның 62-сі бала. Сондай-ақ 38 автомашина қар құрсауынан шығарылыпты. Астанада да толассыз қар жауып тұр. Қала көшелерін тазалауға 1600 арнайы техника жұмылдырылған.
Бекболат Оразхан, қалалық ТЖД бас маманы:
-Азаматтарды сақтық шараларын сақтауға, дауылды ескертулерді қадағалауға және қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады. Ауыл тұрғындарына ауа райының нашарлауы жағдайында ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады. 112 номерінен хабарламалар алған кезде оларға назар аударуларыңызды сұраймыз.
Құтқарылғандардың дені Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында. Аягөз қаласына жақын маңда 100 жолаушысы бар автобус жолда тұрып қалған. Сондай-ақ сырқаттанып қалған Мыңбұлақ ауылындағы зейнеткер құтқарушылардың көмегімен 70 шақырым жердегі емдеу мекемесіне жеткізілді.
Қарлы боран мен желдің күшеюі, көктайғақ. Мұндай тұрақсыз ауа райы тағы үш күн сақталуы мүмкін. Бұл негізінен еліміздің солтүстігіне қатысты. Ал еліміздің батысы мен оңтүстігіне антициклон келеді. Яғни күн жылиды. Түнде 3-8, күндіз 13 кей жерлерде 22-ге градусқа дейін көтеріледі. Дегенмен ішінара тұман күтіледі.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин