Хабар телеарнасы

Қара металлды ел асырғандар анықталды

Елде ірі көлемдегі контрабанданың жолы кесілді. Құзырлы органдар бірнеше өңірде металл сынығын дайын өнім мен шикізат түрінде көрсетіп, шетел асырумен айналысып жүргендерді анықтады. Олар экспортты теңіз және темір жолдары арқылы заңсыз өткізген. Солтүстік Қазақстан облысында «жоғары легирленген болат» деген атпен көршілес мемлекетке қара металды жөнелткен бір серіктестік басшысының заңсыз әрекеті әшкере болды. Компания жалпы құны 170 миллион теңгеден асатын 1,5 мың тоннадан астам металл сынығын елден шығарған. База аумағында мың тоннаға жуық қара металдың сынығы, оның ішінде шетелге жөнелтуге дайын тұрған 7 вагон табылды. Дәл осындай жолмен заңсыздыққа барған компания Маңғыстау облысында да ұсталды. Олар қара металлды Каспий маңы елдеріне теңіз арқылы жөнелткен. Жедел тергеу кезінде серіктестік аумағынан 420 тоннадан астам металл сынығы, оның ішінде көрші елге жөнелту үшін әзірленген екі контейнер табылды.

Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі :

-Қазіргі уақытта ІІМ ҰҚК-мен, Қаржы мониторингі агенттігімен және Бас прокуратурамен бірлесіп, қара және түсті металл контрабандасына жол бермеу, сондай-ақ алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.