«ҚазТеңізТрансФлот» пен БАӘ компаниясы Каспийге жаңа паромдар жіберуі мүмкін
«ҚазТеңізТрансФлот» пен Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі логистикалық компаниясы бірлесіп, Каспий аймағына өнімділігі жоғары жаңа паромдар жіберуі мүмкін. Жоба жүзеге асса, қазақстандық тауар тасымалдаушылардың транзиттік мүмкіндігі артады. Бүгінде бірлескен ынтымақтастық аясында еліміздің батыс қақпасында жаңа терминал салынып жатыр. Оның құрылысына Әмірлік компаниясы 30 млн доллар бөлген.
Әбу Даби әмірлігі ірі кеме айлақтарымен әйгілі. Теңіз бойы жағалай бірнеше порт және терминал іске қосылған. Елдің негізгі алыс-берісін әрі азық-түлік қауіпсіздігін осы логистикалық орталықтар қамтамасыз етіп отыр. Жыл басында Әбу Дабидің мемлекеттік компаниясы Қазақстанның Құрық портына 30 миллион доллар инвестиция құятынын растап, арнайы келісімге қол қойды. Бұл қаржы жаңа астық терминалын салуға жұмсалмақ.
Абдулазиз Заид Әлшамси, AD Ports Group компаниясының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша атқарушы директоры:
-«Саржа» жергілікті «Semurg Invest» компаниясымен бірлесіп қолға алынған жоба. Біздің жоспарымыз бойынша астық терминалының сыйымдылығы 1,5 млн тоннаға жетеді. Қазір ол құрылыс кезеңінде. Терминал теміржол желісімен байланысады. Қазақстанның барлық аймағынан жеткізілетін өнімді қабылдап, алып кемелерге тиейді.
Қазақстан Орталық дәліз аталып кеткен жобаның зор әлеуетін ескеріп, Ақтауды ірі логистикалық хабқа айналдыруға кірісіп кетті. Осы ретте Араб компаниясымен тиімді ынтымақтастық орнап, халықаралық тауар тасымалын әртараптандыруға нық қадам жасалды.
Келешекте еліміздің негізгі экспорттық өнімдері мұнай мен бидайды миллиондаған тонна көлемде теңіз арқылы Еуропа асыруға кең мүмкіндік ашылады. Оның үстіне, қос тарап қазір Каспий акваториясына жаңа паромдар жіберуді көздеп отыр.
Әлібек Алмабеков, Қазақстан-БАӘ іскерлік кеңесінің тең төрағасы:
-Бүгінгі таңда Қазақстан БАӘ арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жоғары деңгейде дамыған. Инвестиция көлемі 800 млн долларды құрайды.
Екі ел бір-бірін стратегиялық серіктес санайды. Ғаламдық сауда мен логистикалық желілерін дамытуға келгенде көзқарас ортақ. Қазақстан осы саладағы кең мүмкіндігін әмірлік тарапымен бірлесе кәдәге жаратуға ниетті. Қазір жүзеге асып жатқан жобалар сол сөзімізге дәлел.
Авторы: Рауан Мыңбай