ШҚО-да қалалар мен аудандардың бас жоспарына түзету енгізіледі
Шығыс Қазақстанда қалалар мен аудандардың бас жоспарына түзету енгізіледі. Құжатта тұрғын үйлер мен өнеркәсіп орындарының құрылысына басымдық беріледі. Шемонаиха қаласының бас жоспары алғаш рет жаңарады. Жоба авторлары өңірдің географиялық ерекшелігін ескеріп, шекаралық аудандардың әлеуетін толық қамтуды көздейді.
Шемонаиха - трансшекаралық қала. Ресейге баратын көліктер қаланың үстінен өтеді. Мынау орталық көшелердің бірі. Тротуар көрінбейді, жол тар. Ретсіз салынған нысандар да бар. Жергілікті билік осы олқылықты жою мақсатында қаланы дамытудың бас жоспарын жаңғыртқалы жатыр. Бұл жолы Шемонаиханың географиялық ерекшелігіне назар аударылады. Яғни шекаралық пункт маңында қонақүйлер салынады. Заманауи сауда орындары да ашылады. Жергілікті жұрттың да ұсыныс-пікірі ескеріледі.
Дидар Кеңесбаев, Шемонаиха ауданының әкімі:
-Тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар бас жоспарды негізге алып қана салынатын болады. Шемонаиха аса үлкен қала емес. Десек те әрбір ықшам ауданға ерекшелік беруге тырысамыз.
Жаңа жоспар бойынша Шемонаиха қайта түлеп, сәулеті артады. «Қаланың іргетасын қалағандардың бірі, ардагер құрылысшы Отто Рупп алдымен жолдарды кеңейту керек»,– дейді.
Отто Рупп, құрылысшы:
-Бұл қала республикалық жол бойында. Ары бері ағылып жатқан көлік те, жүк тасымалы да көп. Инфрақұрылым ақсап тұр. Ең әуелі жолдарды кеңейтуге мән берілсе деймін. Мәселен, мына Ресейге өтетін орталық жолдың өзі өте тар.
Шемонаиха ғана емес, облыстағы өзге қалаларды да өзгеріс күтіп тұр. Ал 26 елді мекенде бас жоспар енді жасалып жатыр.
Талапжан Қуашев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бөлімінің басшысы:
-Облыстағы 357 елді мекеннің 186-да бас жоспар бар. Ал Өскемен мен Риддерде түзетіліп жатыр. Бұл құжат әрбір қала мен елді мекеннің стратегиялық даму бағытын айқындайды.
Жалпы бас жоспардың қағидаларын сақтау маңызды. Былтырдан бастап бұл жұмысты Астанадағы мемлекеттік құла құрылысын сараптау мамандары тікелей қадағайды. Талапқа сай құрылыс нысандарын іркес-тіркес салуға болмайды. Жылу электр орталықтары мен қазандықтар тұрғын үй аумағынан алыс болуы тиіс. Қысқасы бұл құжатта сәулет пен сән қатар ескерілуі керек.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Дмитрий Пыхтин