Қостанайлық келіншек тігін цехының ауқымын ұлғайтуды көздейді
Елде жеке кәсібін дөңгелетіп, табысқа жеткен қыз-келіншек аз емес. Солардың бірі – Қостанай облысы, Маяк ауылының тұрғыны Эльмира Сәлімбаева. Ол ұлттық киім, құрақ көрпе мен қыз жасауын тігіп, жоғары сұранысқа ие болып отыр. Алдағы уақытта өз ісін кеңейтіп, қосымша құрал-жабдық алып, тігін цехының ауқымын ұлғайтуды көздейді.
Мұндағы ұлттық киім үлгілері, тұрмыстық үй жабдықтары және той кәделері жоғары талғаммен жасалғаны бірден байқалады. Түрлі түсті ою-өрнектер өзіне тән сән-салтанаты мен әсемдігі арқылы көз тартады. Сондықтан болар бұйымдары әлеуметтік желіде жарнамаланбаса да, оларға қызығып, таңдап алушылар аз емес.
Эльмира Сәлімбаева, Маяк ауылының тұрғыны:
-Басқа ауылдардан келеді сұраныс, қаладан да келеді. Бір-бірінен көреді. Мен инстаграмм жүргізбеймін, ештеңе жүргізбеймін, бірақ бір адамнан бір адам алады, сол үйге қонаққа барады. Солар көреді, жұмысым ұнайды. Содан кейін алады.
Эльмира осыдан жеті жыл бұрын «Бастау-Бизнес» бағдарламасына қатысып, 500 мың тенге қайтарымсыз грант иеленді. Оған екі тігін машинкасын сатып алған. Бастапқыда туыс-туғандарының тапсырысынан қолы босамапты.
Эльмира Сәлімбаева, Маяк ауылының тұрғыны:
-Тұрмысқа шыққан әулетімнің бәрі өзіме заказ береді мысалға. Үлкен отбасы, менің жолдасым ең соңғы кенже бала сол семьяда, бәрі маған заказ береді. Енді өзіміздікілерге сәл арзандау тігіп беремін.
Эльмираның тірлігі тек тігіншілікпен шектелмейді. Несиеге ірі қара, жылқы сатып алып, оның өнімін де халыққа ұсынып отыр.
Гүлзия Ерденова, Маяк ауылының тұрғыны:
-Бұл кісі жент істейді, құрт істейді, сосын қаймақта сатып аламыз, майда сатып аламыз. Жазда тыным таппайды. Бұл кісінің огороды да жайнап тұрады. Таң атпай 7-де келсең де қаймақ алып кетуге, ол уже сиырын сауып болып, сүтін алып болып, уже банкі жауып жатады.
Осылайша іскерлігі мен еңбекқорлығының арқасында отбасының береке-бірлігін ұйытып отырған бес баланың анасы өз ауылын жердің жаннатына балайды.
Эльмира Сәлімбаева, Маяк ауылының тұрғыны:
-Бәрі бар ауылда. Қазір біздің ауылда суда бар. Машинка автомат тұр. Жағдайдың бәрін істеп алған. Ауылда тұруға болады. Малмен айнылсса да болады, огород егем десе де болады, мысалы. Білмеймін енді 20 жыл болды осы ауылда тұрып жатқаныма, өзіме ұнайды.
Ауылды жерлерде Эльмира сияқты белсенді арулар аз емес. Былтыр Қостанай облысында «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша 1500-ге жуық әйел кәсіпкерліктің әліппесін үйреніпті. Соның басым бөлігі ауылдық қыз-келіншектер.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг