Жаңақорған ауданының тұрғыны бүркіт баптауды қолға алды
Қызылорда облысында құсбегілік өнер кенже қалған еді. Жылдар бойы ұлттық спорттың бұл түрінен облыс намысын қорғайтын ешкім болмаған. Осыған алаңдаған Жаңақорған ауданының тұрғыны Ғалымжан Өміртай бүркіт баптауды қолға алды. Оның мақсаты – ғасырлар қойнауынан жеткен құндылықты жандандырып, өскелең ұрпаққа үйрету.
Ғалымжан Өміртай бүркіт баптауды былтыр бастады. Өңірдегі ұлттық спорттың кенже қалуы оның құсбегілікке бет бұруына себеп болған. «Бабамыздан қалған асыл өнерді Сыр өңірінде қайта түлеткім келеді. Сондықтан аймақтың ауа райы құс ұстауға қолайсыз болса да, тәуекелге бел будым»,– дейді жас бүркітші.
Ғалымжан Өміртай, құсбегі:
-Негізі қызығатындар көп. Осы жақта Қазақстанның ересектер арасындағы чемпионатын өткізіп көрдік. Бұл жақта бүркіттердің бәрін алып келдік. Қызығатын адамдар көп, халықта көбейді. Бірақ ыстыққа бұлар төзімсіз. Бұлар салқын жерді жақсы көреді. Барлығы содан қорқады. Менде басында ыстық ауа райынан қорқатын едім. Ал қазір үйреніп кетті.
Ғалымжанның айтуынша, қыран құстың түр-түрі болады. Соның ыстыққа төзімдісін таңдап, жергілікті ауа райына бейімдеп алған. Оған «Семсер» деп ат қойыпты.
-Бүркіттің салмағы 5-6 килограмм тартады. Бірақ өзінен 10 есе үлкен аң-құсты көтеріп алып кетуге қауқарлы. Оның тырнағы мен бірге көзі де өте өткір екен. Үш шақырым жердегі жемтігін байқай алады. Жалпы осындай бүркіт кезінде бір ауылды асыраған.
Құсбегіге ептілік пен шыдамдылық керек. Адам бойында бұл қасиеттің болуы бүркітті жарысқа дайындау кезінде аса маңызды. «Иесінің қалауын сезінген құс олжа салары анық»,– дейді Ғалымжан.
Исламхан Боранбаев, ат спортынан аға жаттықтырушы:
-Түркістан облысында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Соған алғаш рет өзіміз қатыстық, сөйтіп балалар тәжірибе жинап қайтты. Семсер деген құсымыз ұстап отырған. Сол жақын жерге үйретіп, әзір чемпионаттарға қатыстырып жатқан жоқпыз. Енді-енді осы алғашқысы.
Ғалымжан ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық құндылықтарды ұлықтауға ниетті жастар қатарының көбейгенін қалайды. Сондықтан құсбегілікке ауыл балаларын да баулып, шәкірт тәрбиелеуді көздеп отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин