Қостанай облысы Сарыкөл ауданындағы аурухана тозып тұр
Өткен ғасырдың 70 жылдары салынған ғимаратқа былтыр күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле басталған. Жоба бойынша аурухана бастан-аяқ жаңартылады. Жерасты суының жақындығы жөндеу жұмыстарына кедергі келтірмей ме?
Сарыкөл аудандық ауруханасының күрделі жөндеу көрмегеніне жарты ғасырдан асыпты. Тіпті бір кездері жарамсыз жағдайға жетіп, жабылып та қалған. Кейін жеңіл-желпі жөндеу жасалып, қайтадан іске қосылды. Алайда сыйқы қашқан нысанның әр жері жиі сыр беретін.
Есбол Өміртай, Сарыкөл ауылының тұрғыны:
- Кезінде менің өзімнің қызым жатқан. Сол кезде дәлізге шығуға салқын болды. Ылғал болды. Сыртынан қарағанда да ешқандай адам тартпайтын ұнамсыз ғимараттың бірі болды.
Сарыкөл аудандық ауруханасын күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың маусым айында басталды. Содан бері үшқабатты ғимараттың шатыры ауыстырылып, қасбеті жаңартылды. Енді ішкі жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нұрғожа Байқонов, Сарыкөл аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
- Жөндеу жұмыстары негізінде қазір 57 пайызы істелінген. Осы поликлиника пациенттерді қабылдау үшін уақытша істелінген. Қазір осы жерде орын аз. Бірақ осы наурыз айында екінші блогын жұмысқа береді. Бізде қазір стационар басқа ғимаратта.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Аудандық аурухананың басты проблемасы – оның жертөлесі. Жерасты суы жақын болғандықтан, бұл жер үнемі судан арылмайды. Сондықтан іргетасы үгітіліп, құбырлары шіри бастаған. Ал жертөленің дренаж жүйесі, суағары 25 жылдан артық жұмыс істемейді.
Оны қалпына келтіру қымбатқа түсетіндіктен, жобаға енгізілмепті. Қазір мұндағы мамандар жерасты суынан құтылудың өзге амалын қарастырып жатыр.
Анатолий Громченко, мердігер компания өкілі:
- Біз тапсырыс берушімен, жобалаушылармен келісе отырып, жертөледе су сорғыш станциясын орнатқанды жөн деп таптық. Сол үшін бірнеше суағар құдықтар қазамыз. Жертөле суға толып қалатындықтан, үнемі сорып отыру керек. Таяуда жертөленің қабырғаларын нығайтып, бетон құя бастаймыз.
Жоба құны – 1 млрд 700 млн теңге. Жөндеу жұмыстары биыл тамыз айында аяқталуы тиіс.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг