Шығыс Қазақстанда Үлбі өзенінің деңгейі көтеріле бастады. Ал солтүстік аймақтарда қардан тазарту қарқын алды.
Петропавлда 200 шақырымға жуық көше суағары тазартылды. Коммуналдық қызмет мамандары қыс бойы қар мен мұзға одан қалды тұрмыстық қалдықтарға толып қалған нөсерлік кәріз желілерін ретке келтірді. Сонымен қатар қалада қар шығару жұмыстары да бәсеңдеген жоқ. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Қазір негізгі күш су басуы мүмкін деген ықшамаудандарға жұмылдырылған. Одан бөлек, облыс орталығында сенбіліктер ұйымдастырылады. «Жалпы қыс басталғалы қала көшелерінен 800 мың текше метр қар шығарылды», - дейді жауаптылар.
Өскемендегі Үлді өзенінің бойындағы бөгет көтеріледі. Жергілікті билік өкілдері 18 шақырым топырақ үйіндісін тағы да нығайтып, қауіпсіздік шараларын күшейтуді жоспарлап отыр. Ол үшін 30 мың текше метр инерттік материал алынды. Сонымен қатар мамандар көпірдің асты мен арна бұрылыстарын тереңдету үстінде. Инженерлік шаралар наурыз айында аяқталады.
Синоптиктердің болжамы бойынша еліміздің 70%-і қар астында жатыр. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы да бар.
Ақмолалық еріктілер мен құтқарушылар жалғыз тұратын қариялардың үйіне барып, ауласын қардан тазартты. Алдымен қарт кісілердің аты-жөні мен мекенжайын анықтап алды. Кейін үй-үйді аралап, көмек қолын созды. 300-ге жуық қария көмек алды. Қар шығару жұмыстары көктемгі тасқынның алдын алуға бағытталды. Сондықтан бұл игі шара «Көктемге дайындық» акциясы аясында ұйымдастырылды.