Мәжілістен МӘМС-ке қатысты сүйінші жаңалық келді. Депутаттар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Демек бұған дейін айтылған сын мен ұсыныстар жаңа редакцияда қамтылуы әбден мүмін. Қазірдің өзінде жұмыссыздар да осы міндетті әлеуметтік медицинадық сақтандыру аясында емделе алатындығы айтылып жатыр. Сондай-ақ көппәтерлі үйлерді күтіп ұстауға қатысты құжат қаралды.
Депутаттар үшін МӘМС-тің орны бөлек. Олар жүйедегі түйткілдерді әр тоқсан сайын, кейде араға ай салып сынап отыратын. Мәселен, қаңтарда министрдің есебін тыңдады. Сауал көп болғанымен, мардымды жауап ала алмаған еді. Осы жүйені ретке келтіруді көздейтін жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Жоба негізгі үш бағыттан тұрады. Біріншіден, МӘМС пакетін 68%-ке дейін ұлғайту көзделген.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Екіншіден, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер тарапынан МӘМС жарналары үшін төленетін табыстың жоғарғы шегін 10 еселенген ең төменгі жалақыдан 50-ге дейін арттыру. Үшінші жергілікті бюджет қаражаты есебінен жұмыссыздар мен әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық деңгейлерге жататын азаматтар үшін МӘМС-ке жарналар төлеу көздеу көзделіп отыр.
Дәл қазіргі ахуал келесідей. Елімізде 16 млн-нан астам адам МӘМС-ке жарна төлейді. Соңғы үш жылда олардың медициналық қызметке деген қанағаттану деңгейі 47%-ға төмендеген. 3,5 млн адам сақтандыруға қатыспайды. Жаңа заң жобасында осы мәселелерді шешу жолдары қамтылуы тиіс.
ПИК пен МИБ туралы жаңа заң
Мәжілісте қаралған келесі құжат көппәтерлі үйді күтіп ұстауға қатысты. Заң жобасында кондоминиумды басқару түрі, төрағаның өкілеттік мерзімі, тариф көлемін есептеу тәсілдері қамтылған.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасында «жай серіктестік» ұғымы алынып тасталады. Сондай-ақ енді меншік иелерінің бірлестіктерінде өздері жұмысшыларды алуға мүмкіндік туады. Бұдан басқа ашықтықты арттыру үшін қаражаттың жұмсалуы мен жинақталуы туралы ай сайынғы есептілікті міндетті түрде орналастыру қарастырылған.
Тасқынға дайындық қалай?
Депутат Нартай Сәрсенғалиев су тасқынына қарсы дайындықтың деңгейіне алаңдаушылық білдірді. Кеше ғана Үкімет 8 облысқа қауіп төніп тұрғанын айтты.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Білесіздер, былтыр еліміз алапат су тасқынының астында қалып, еліміздің тең жартысы су астында қалды. Он облыста төтенше жағдай жарияланды. Оның салдарын жоямыз деп Үкіметтің резервінен 46,9 млрд теңге бөлінді. Биыл Қазақстанда бірде-бір елді мекен су астында қалмайды деп елге тыныштық сыйлай аламыз ба, жоқ па? Өйткені сіздер 1223 елді мекен су астында қалуы мүмкін деген ақпарат тараттыңыздар.
Ермек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Мониторинг жүргізіліп жатыр. Тәулік бойы Төтенше жағдай министрлігі, облыс әкімдері жағдайды бақылап отыр. Алгоритм бекітілген. Соған қарай қаражат бөлінген, тиісті шаралар жоспары бекітілген. Техника мен құтқарушылар дайын отыр. Мемлекеттік материалдық резервте қажетті заттар бар.
Сондай-ақ жиын аясында жекелеген өңірлердегі жайылым тапшылығы, индустриялық аймақтарды дамыту мәселелері көтерілді. Депутаттар кәсіпкерлерді заңсыз тексеру тыйылмай тұрғандығына да назар аударды. Елімізде бұған қатысты 12 мың дерек тіркеліпті.
Ердәулет Ыбырайұлы, Қанат Әбілдин