Қазақстандық ата-ана баласына арнайы SIM-карта алып беруге міндеттеледі. Мұны Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді. Айтуынша, мұндай SIM-карта девайстарға ата-ана бақылауын қосуға, кәмелетке толмағандарға арналмаған контенттен қорғауға, сондай-ақ баланың қайда жүргенін анықтауға мүмкіндік береді. Ал оператор өз ұсынысын отбасының қажеттілігіне бейімдейді.
Балаға арналған SIM-картаның нақты қашан енгізілетіні әзірге белгісіз. Оны жетілдіру жолын уәкілетті мемлекеттік орган талқылап жатыр.
Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:
- Балаларға арналған SIM-карталар олардың қауіпсіздігін арттырып, керек емес ақпаратты бұғаттайды. Жас шектеуіне байланысты кейбір сайттар мен әлеуметтік желілер қолжетімсіз болады. Қазір мұндай SIM-карталар әлемнің бірнеше елінде бар. Халықаралық тәжірибені зерттеп көрдік. Онда арнайы тарифтер мен фильтрлерді ата-аналар өздері басқара алады.