Бүгін әлемнің бірнеше елінде жер сілкінді. Тербелісті алдымен өзіміздің Жамбыл облысындағы тұрғындар сезген. Зардап шеккендер жоқ. Қазір ғимараттарды зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Таиланд пен Мьянмадағы дүмпудің қуаты 7,7 баллға дейін жеткен. Араға аз уақыт салып зілзала қайталаныпты. Бірқатар ғимарат бүлініп, жаңадан салынып жатқан нысан қираған.
Сағат таңғы 3:42 минут өткен кез. Сәресіне енді тұрып жатқан Жамбыл жұрты жердің тербелісін сезді. Өңірдегі сейсмология орталығы да дүмпуді тіркеген. Салдарынан кейбір тұрғын үйлердің қабырға және төбе сылақтары түскен. Әзірше зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.
Жалғас Абдуалиев, Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы:
- Жер сілкінісінің сезімділігі Меркі ауданында 5 балл, Тұрар Рұсқұлов ауданында 4 балл, Байзақ, Жамбыл, Тараз қаласында Қордай, Шу аудандарында 2 балды құрады.
Өңірдегі төтенше жағдайлар департаментінің базасында жедел штаб құрылды. Арнайы комиссия жүргізген зерделеу нәтижесінде Меркі мен Тұрар Рысқұлов аудандарындағы 28 нысанға зақым келгендігі анықталды. Атап айтсақ, Меркі аудандық орталық ауруханасының, балабақшаның, мектептің, мәдениет үйінің, медициналық пункттердің және жеке тұрғын үйлердің қабырғасында жарық пайда болған.
Қанатбек Мәдібек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:
-Алматы қаласынан арнайы келген ұлттық сейсмикалық орталықтың мамандарының қатысуымен және тиісті мамандардан құралған комиссияның қатысуымен талдау жұмыстарын жүргізудеміз. Ол жарықтардың неден пайда болғанын, қашан пайда болғанына қатысты тиісті қорытындылар берілетін болады.Ол нысандардың әрі қарай жұмысқа пайдалануға қатысты шешімдер шығарылатын болады. Талдау жұмыстары жалғасуда. Меркі ауданы бойынша 55 адамнан құралған топ арнайы қызметтерден және Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша 65 адамнан құралатын топ жұмысты жалғастыруда.
Айта кетейік, «Жедел желі» іске қосылды. Оған облыс тұрғындарынан 12 қоңырау түсіпті. Халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ, қаза тапқандар мен зардап шеккендер тіркелмеген. Шығын көлемі есептеліп жатыр. Жамбыл облысында күндізгі сағат 4 кезінде тағы да жер сілкінісі сезілді. Оның ошағы Қырғызстан аумағында тіркелген.Ал Мьянманың орталық аймағында 7,7 балдық жер сілкінісі болды. Зілзала ошағы Мандалай қаласынан 17 шақырым жерде тіркелді. Шіркеу ғимараты мен кейбір тұрғын үйлердің қабырғалары бүлінген. Араға 12 минут салып дүмпу 6,4 балл деңгейінде қайталанған. Алдын ала дерекке сәйкес 10 адам қаза тапқан. Елде төтенше жағдай жарияланды. Мьянмадағы зілзаланың қатты болғаны соншалық жер сілкінісі Таиландта да сезілді.
Сириния Накаута, жергілікті тұрғын:
-Бөлмемде ұйықтап жатқанмын. Тербелістен оянып кетім. Жан-жағыма қарасам бөлмедегі бүкіл заттар шайқалып тұр. Балаларымды алып, үстелдің астына жасырындық. Жер сілкінісі тоқтаған жоқ. Қайта күшейе түскендей болды. Сосын балаларымды алып дереу сыртқа шықтым. Үрейден әлі ес жия алмай тұрмын. Қатты думпуден ел астанасы Бангкокта құрылысы аяқталмаған ғимарат құлап, адамдарды басып қалған. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, үйінділер астында 67 адам қалып қойған. Үш адам қаза тапқан болуы мүмкін. Қазір құтқару операциясы жүріп жатыр. Сондай-ақ дүмпуден кейін көпқабатты кешендердің төбесіндегі бассейндерден су төгілген. Мыңдаған адам көшеде жүр.
Джерри Хармер, Associated Press агенттігінің қызметкері:
- Үйде отырған кезде басым айналды. Артынша көшедегі адамдардың айқайлағанын естідім. Тек сол кезде ғана жер сілкініп жатқанын түсіндім. Міне содан бері бәріміз сыртта жүрміз. Ғимартқа қайта кіруге батылдығым жетпей тұр. Бұған дейін де бізде жер сілкінген. Бірақ бүгінгі зілзаланың қарқыны ерекше күшті болды.
Бүгінгі дүмпуді Қытай, Лаос, Бангладеш, Вьетанм тұрғындары да сезген. Шығын көлемі мен зардап шеккендер жайлы деректер сәт сайын өзгеруде.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы