Ұлытау облысында қыста өлген киіктердің өлекселері жиналып жатыр. Қазірдің өзінде өңір бойынша дала жануарының үш мыңнан астам ұшасы табылған. Оның көбі Қаражал қаласының маңынан алынды. Сондай-ақ 500 өлексе Кеңгір су қоймасында қатып қалған. Барлығы да арнайы мал қорымына жеткізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі инспекциясы, төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті әкімдік өкілдері атсалысып жатыр. Тіпті көрші облыстардан көмек жеткен.
Арман Әбдісалықов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
-Киіктердің өлу мәселесі қыстық кезеңнен күйзелу кезінен кейінгі әлсіреу уақыты. Сонымен қатар қалаға кіргендер бұралқы иттердің кесірінен біраз киік қырылып жатыр. Зоология институт қызметкерлері келіп, Кеңгір су қоймасында өлген киіктердің пробаларын алды. Ол зерттеу жұмыстарының нәтижелері әлі шыққан жоқ. Осы жақын арада шығады.
Жағдайға қатысты экология және табиғи ресурстар министрлігі де түсініктеме берді. Хабарлауынша, бұл табиғи құбылыс. Әрі мұндай ахуал Ұлытау облысынан өзге бірқатар өңірде тіркелген. Сондай-ақ жыл сайын киік санының шамамен 20%, ал қатал қыста 50% дейін азаятыны туралы ғалымдар пікірін жеткізді.
Андрей Ким, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитет төрағасының орынбасары:
- Айта кету керек, өңірлерде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың бекітілген алгоритмдері бар. Оның аясында ұшалар ветеринариялық заңнамаға сәйкес жойылады. Биылғы жыл басынан бері бес мыңнан астам өлексе жойылды.