Түркістан облысында жасы жүзден асқан соғыс ардагері тұрады

  • 148
  • 31.03.2025, 18:40

Соғыс ардагері Қалмен Мұратов 18 жасында майданға аттанған. Көптеген қалаларды неміс басқыншыларынан азат етуге атсалысқан азамат 1944 жылы ауыр жарақат алып, елге оралған. Оқ пен оттың арасынан аман келген ардагер енді соғыс болмасын деп тілейді.

Қалмен Мұратов 1924 жылы 20 ақпанда Бөржар ауылдық округі, Таздар ауылында дүниеге келген. 1942 жылы 7 сынып оқып жүргенде әскер қатарына шақырылып, Аягөздегі айлық командирлік курсттан өткен. Кіші сержант шенін алып, Беларусь майданында соғысқа араласқан. Витебск қаласын жаудан азат ету кезінде ауыр жарақат алып, елге қайтарылды. 

Қалмен Мұратов, соғыс ардагері:

- Мына қолыма оқ тиді. Былай буып берді. Сосын «болмайды», - деді ғой. Мен жүрген жерімді білмеймін. Қазір қай жер екенін де білмеймін. Өздерің үйге апарып тастамасаңдар, мен үйді таппаймын, - дедім. Үйге әкеліп тастады ғой.

Қалмен Мұратов I дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Германияны жеңгені үшін» медальдарының иегері. Елге келген соң колхоздың жұмысына араласты. Кейін теміржол саласында еңбек етті. «Құрмет белгісі», «Еңбек ардагері» сынды марапаттар алып, зейнетке шықты. Жасы 101-ге келген қария өзі жүріп-тұрады.

Жақып Мұратов, соғыс ардагерінің ұлы:     

- Ауылдағы әкімшіліктен, облыстан көмек беріп тұрады. Дәрігерлер келіп қарап тұрады. Сауықтыру орталықтарына жатқызып тұрады. Қазір әкеміздің 6 бала, 2 қыздан 31 немере, 82 шөбересі бар. Жағдайы жаман емес, денсаулығы жақсы.

Қазір қария Бадам ауылында кіші ұлы Батырдың қолында тұрады. Әр мереке сайын ұл-қыздары қара шаңыраққа жиналып, әкелерін құттықтайды. Немере-шөбересінің ортасында асқар таудай қорған болып отырған ардагер бейбіт заманның бағасын білуге шақырды.

Қалмен Мұратов, соғыс ардагері:

- Елімізде соғыс болмасын. Тыныштық заман болсын. Көргендеріңнің бәрі жақсылық болсын. Әумин, Аллаху әкбар!

Бүгінгі күні Түркістан облысында 200 мыңға жуық зейнет жасындағы қария тұрады. Олардың 9-ы соғыс ардагері болса, 3 мыңнан астамы тыл еңбеккері. Жеңістің 80 жылдығына орай әрбір соғыс ардагеріне 5 млн теңгеден беріледі.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш