Шымкенттегі Ақжар су қоймасында күрделі жөндеу жұмыстары басталды

  • 152
  • 31.03.2025, 18:33

Нысанды жаңғыртуға жергілікті бюджеттен 516 миллион теңге бөлінген. Көктемгі су тасқыны қаупі күшейген кезеңде құрылыс қалай жүргізіледі? 

Ақжар су қоймасына 80-ші жылдардан кейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Биыл жаңғырту жобасы аясында табаны саз-балшық пен балдырдан тазартылып, қаулаған қамыс орылады. Бөгет те толық ауыстырылады. Себебі гидротехникалық нысан жарамсыз деп танылған.

Мұрат Әбдірахманов, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Проектіні бастаған кезде жоба құны 800 млн-1млрд теңгеге дейін көтерілген еді. Алайда госэкспертизада толық тексеріліп болғаннан кейін 526 млн теңгеге түсті. Ақшасы кемігенімен бұл жердегі жұмысы еш өзгерген жоқ. Жоспар бойынша жыл соңында қазан айына дейін толығымен бітеді. 

Жоспарға сәйкес су қоймасының сыйымдылығы 732 миллион текше метрге ұлғайтылады. Ал құрылыс кезінде көктемгі тасқынға төтеп беру үшін балама канал қазылды. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Ақжар су қоймасы транзиттік режимге көшірілді. Енді құрылыс аяқталғанша Түркістан облысының таулы аймақтарынан ағып келетін су мұнда ұзақ сақталмайды. Арнайы қазылған қашыртқылар арқылы бірден Бадам өзеніне құяды.

Аймақта көктемгі су тасу қаупін алдын алу жұмыстары пысықталды. Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің зерттеу қорытындысы бойынша 20 учаске ерекше бақылауға алынған.

Ирисмат Махмудов, қалалық ТЖД басқарма бастығы:

- Шымкент қаласындағы 4 су қоймасының толу пайызы 18-ден бастап, 95%-ке дейін толған. Су тасқыны кезеңіне дайындық кезінде жалпы 54 шақырымнан астам ирригациялық жүйелер төселген. Қалада бар ирригациялық жүйелерді тазарту бойынша 161 шақырымға тазарту жүргізілді. 

Су басу ықтималдығы жоғары Еңбекші, Абай аудандарында эвакуациялық пункттердің жұмысы тексеріліп, жергілікті халыққа жедел әрекет ету әдістері түсіндірілді. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов