Қазақстандықтар жеке куәлікті енді онлайн ауыстыра алады

  • 133
  • 01.04.2025, 18:36

Ел азаматтары жеке куәлікті енді онлайн түрде ауыстыра алады. Бұл қызмет түрі де egov порталы арқылы жүргізіледі. Бұдан бөлек, бүгіннен бастап көлік иелері үшін жаңа сервис іске қосылды. Бұл туралы мемлекеттік қызметтерді дамыту және цифрландыру мәселесіне арналған Үкімет отырысында айтылды. Белгілі болғандай, қазақстандықтарға ыңғайлы болу үшін жасанды интеллект пен тың технология түрлі салаға енетін болады.  

Үкімет отырысында айтылған тың жаңалықтың бірі жеке куәлікті ауыстырудың жеңілдей түсетіні. Бұл қызмет түрі осы айдың соңына дейін онлайн форматқа көшіріледі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мамандар азаматтың фотосуретін сәйкестікке бағалайтын AI моделін сәтті сынақтан өткізген. Нәтижесінде, жеке куәлік алу үшін енді eGov платформасында барлық жағдай жасалады. Ал бүгінде елде мемлекеттік қызметтердің 92% онлайн форматта қолжетімді.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

-2024 жылы 341 млн қызмет көрсетілді. Оның 91% электронды түрде ұсынылды. Қызметтердің басым бөлігі проактивті түрде көрсетілуде. Өтінішсіз, халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ жүзеге асады. Біз eGov арқылы онлайн қызмет көрсетуге монополияны жойып, негізгі қызметтерді танымал финтех және банклер платформаларға шығардық. Бұл халықтың цифрлық сервистерге қолжетімділігін арттырады. Қазақстандықтар QR-қолтаңба мен биометриялық сәйкестендіру технологияларын сенімді түрде меңгеріп, күнделікті қолданып жүр. Цифрлық құжаттар сервисі ерекше танымал болды, бір жылда 292 млн рет қолданылды.  

Былтыр онлайн түрде көрсетілген қызметтердің 90% ұялы телефон арқылы іске асқан. Оның арасында, куәлік, анықтамалар алу, келісімшарттар жасау басым сұранысқа ие. Енді бүгіннен бастап көлік иелері үшін де жаңа қызмет түрі қолданысқа енді. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші: 

-Жаңа қызмет жалпыға ортақ жолдарда қауіпсіздік пен ыңғайлылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Мәселен, егер терезесі ашық қалған немесе өтуге кедергі келтіріп тұрған көлікті байқасаңыз, оның мемлекеттік нөмерін теріп, қажетті тетікті бассаңыз болғаны. Хабарлама темір тұлпар иесіне жетеді. Жаңа қызмет қазірдің өзінде eGov порталында қолжетімді. Яғни онда «көлік иесіне мәселе бойынша хабарландыру» деген жазбаны көресіз. Онда темір тұлпар иесіне қандай хабарлама жіберу керектігі толық көрсетілген. Бұдан өзге, алдағы уақытта жүргізуші куәлігін алу үшін де жаңа технологиялар енгізу көзделіп отыр. 

Цифрлық мемлекеттік қызмет көрсету бойынша Қазақстан үздік 10 елдің қатарына қосылған. Алайда интернет жылдамдығының төмендігі, кейбір ұйымдар сайтын қолдануда ұзақ уақыт қажеттігі және өзге де мәселе әлі де кездеседі. Мәселен, бүгін eGov-тың ұзақ жүктелуін тиісті министрлік өкілдері мектептерге өтініш берудің көптігімен байланыстырды. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету орталықтарының ісі жетілдіріліп жатқанымен, бірқатар мәселе де бар. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

-Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына шағым көп түсіп жатыр. Ақпараттық жүйелерінің тоқтап қалу фактілері де бар. Осы бағытта қандай шаралар қабылдап жатсыздар?

Арман Кенжеғалиев, «Азаматтарға арналған Үкімет» КЕАҚ басқарма төрағасы: 

-Шынында да осы салада бірқатар сұрақ бар. Осы мәселені шешу үшін біз бірқатар жұмыс атқардық. Арнайы жүйелерді қостық. Жүйелерді қолмен енгізу мүмкіндігін жойдық. Оларды қазір тиісті салық, кеден органдарымен интеграция арқылы тиісті деректерді аламыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиісті құқыққорғау органдарымен тығыз жұмыс жасап, мамандандырылған ЦОН-дар жұмысын жақсарту үшін бүкіл әрекет жасап жүрміз.  

Дегенмен Үкімет бұл саладағы істі одан әрі жетілдірмек. Бұл ретте жасанды интеллект элементтерін пайдалануды арттыру көзделуде. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Біз қазірдің өзінде мемлекеттік қызметтерді проактивті және тікелей көрсету кезеңіне өттік. Яғни мемлекеттен қызмет алу үшін ешқайда барудың қажеті болмайды. Жүйе азаматтың өтінішін күтпей-ақ, бәрін өзі жасап береді. Сондай-ақ біз банктермен арадағы серіктестіктің ыңғайлы нәтижелерін көріп отырмыз. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жасанды интеллектіні белсенді енгізу керек. Бірінші кезекте электронды Үкімет платформасында осыған басымдық берілуі тиіс.         

Ал азаматтарға қызмет көрсету барысында жеке деректердің қауіпсіздігі басты назарда болмақ. Сондай-ақ алаяқтық іс-әрекеттерге қарсы тұру үшін бірқатар мемлекеттік орган мен құқыққорғау құрылымы тартылған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Мейірбек Беспаев