Жамбыл облысы, Шу аудандық орталық ауруханасындағы ана мен бала өлімінен кейін жауаптылар жазаланды. Арнайы комиссия «Жүкті әйел дәрігерлердің қателігінен қайтыс болды» деген қорытынды шығарған. Аудандық аурухананың бас дәрігері мен босандыру бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Ал облыстық басқарма басшысы және ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысына қатаң сөгіс берілді. Мамандар марқұм Әдемі Ешеналиеваның ісік дәрежесін бағамдамай, зәр мөлшерінің шамадан тыс төмендегенін назарға алмаған. Салдарынан жүкті келіншектің қан қысымы 170-ке жетіп, есін жоғалтқан. Сол сәтте құрсақтағы баласы шетінеп кеткен. Өзі де 12 күн жансақтау бөлімінде жатып қаза болды.
Қаракөз Сағынғалиева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:
-Дәрігерлер оны тексеріп, консилиюм жасап, III дәрежеге облыстық перенеталдық орталыққа жіберу керек еді. Ол бірінші дәрежеде қалып қойған. Біздің облыстық комиссияның жұмысы аяқталды. Енді әрі қарай біздің министрлік осы мәселені қарайды.