Жетісай ауданында шаруалар егін еге алмай отыр
Түркістан облысының Жетісай ауданында шаруалар егін еге алмай отыр. Аудан әкімдігі Асықата кентіндегі диқандардың 59 гектар жерін индустриалды аймақ саламыз деп сот арқылы қайтарып алған. Табыс көзінен айырылған тұрғындар егіс басына жиналып, жергілікті биліктен мәселені шешіп беруді сұрады.
Байтілес Тұрсынбаев былтыр сот шешімімен 6 гектар жерінің мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтады. Содан бері жеті баласы бар шаруа нәпақасыз қалған. «Әкімдіктің қарауына өткен жер бос жатқан соң игеріп, бір жыл болса да егін ексем» деген ойы бар.
Байтілес Тұрсынбаев, шаруа:
-Ауылда күнкөрісіміз осы болып жатқан. Жер сұрап ауыл шаруашылығына бардым, «Орнына жер бересіңдер ме?» десем, «Сендерге жер жоқ, сендер сотта жеңілдіңдер» деді. Резервте жер жоқ дейді. Бұлар не жер бермейді, не өтемақы бермейді.
Асықата кентіндегі 16 шаруа пай үлеске алған жерін даулап, егістік басына жиналды. Табыс көзінен айырылған шарасыз шаруалардың көмек сұрап бармаған жері, баспаған тауы қалмаған.
Өмір Білісбаев, шаруа:
-Салып жатқан ешнәрсесі жоқ. Халық не істерін білмей отыр. «Өтемақы туралы айтпаңдар. Бұл Үкіметтің жері, сендердің әкелеріңнің жері емес» деді. 49 жылға берген. Әлі 25-26 жылы бар. Жылда салығын төлеп тұрғанбыз. Не жер берсін, не ақша берсін. Одан кейін жерді алсын.
Ал аудан атқамінерлері 59 гектар суармалы жерге индустриалды аймақ салынады деп отыр. Сондықтан жер енді шаруаларға берілмейді дегенді кесіп айтты. Десе де оларға шалғай ауылдық округтерден жер ұсынылған көрінеді.
Нұркен Әлмеш, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары:
-Ол азаматтар жерді алудан бас тартты. Одан кейін аудан әкімдігі тарапынан сотқа беріп, соттың шешімімен жер мемлекеттік меншікке қайтарылды. Қазіргі таңда ешқандай өтемақы төлеу жоспарда жоқ.
Әзірге суармалы алқапты игеретін инвестор табылмай отыр. Ал шаруалар оған дейін бос жатқан жерге соқа салып, ерте пісетін бақша дақылдарын егуге тәуекел етпек.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш