Қазақстан шетелден 3,7 млрд текше метр су алады

  • 31
  • 07.04.2025, 18:34

Қазақстан биыл суару кезеңінде Сырдария өзені арқылы 3,7 миллиард текше метр су алады. Бұл шешім Су ресурстары және ирригация министрі Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан мемлекеттеріндегі әріптестерімен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде қабылданды. 

Сонымен қатар Аралға 975 миллион текше метр су жіберу жоспарланып отыр. Ал өткен жылдың қазан айынан 1 сәуірге дейін Өзбекстан Қазақстанға 12,6 миллиард текше метр су жіберді. Бұл жоспарланған көлемнен 1,7 миллиард текше метрге артық. 

Ерен Жангелді , ҚР СРИМ Халықаралық ынтымақтастық департаменті басқармасының бас сарапшысы: 

- Самарқандта Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 89-шы отырысы өтті. Ал «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы Қазақстанға 909 млн текше метр су келеді. 

Министрдің сөзінше, Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының су қоймаларында су тасқынының белсенді кезеңі аяқталды. Дегенмен қазір тасқын суды өзен-көлдерге бағыттап, оны су қоймаларына жинап жатыр.

Мәселен, Ақмола облысындағы Астана су қоймасынан секундына 260 текше метр су жіберілуде. Сілеті су қоймасынан 151 текше метр, Шағалалы су қоймасынан секундына 20 текше метр су жіберілуде. Ұлытау облысы Кеңгір су қоймасынан секундына 284 текше метр, ал Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев су қоймасынан секундына 1 мың 202 текше метр, Петропавл су қоймасынан 781 текше метр су жіберілуде.