Маңғыстау облысында прокурорлар ата-ана қамқорлығынсыз қалған 75 жетім баланың құқығын қорғады. Прокурорлық талдау нәтижесінде олардың заңды қамқоршыларының үй кезегіне тұруға өтініш бермегені анықталды. Ал жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені бақылауға алмаған.
Жауапкершілік екі жаққа ортақ. Сондықтан прокурорлар қадағалау актісін енгізді. Мұндай жағдай Ақтау, Жаңаөзен, Мұнайлы және Түпқараған аудандарында тіркелді. Білім беру бөлімінің мамандары ескерту, сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылып, балалардың заңды өкілдерімен түсіндіру жұмысы жүргізілді.
Бағдат Карленов, Маңғыстау облысы прокурорының аға көмекшісі:
- Сонымен қатар осы талдау нәтижелерімен мемлекет тарапынан 14 жетім балаға асырап алған қамқоршыларына бір жылғы ақшалай төлем алу жүргізілмегені анықталды. Сондай-ақ 24 қамқоршыға тиісті әлеуметтік белгіленген мөлшерден кем төленгені анықталды. Атап айтқанда, АЕК-ті өткен жылдың айлық есептік көрсеткішімен есептеу арқылы төленген.