Ұялы байланыс тарифіне бақылау бар ма?

  • 34
  • 07.04.2025, 18:40

Бірқатар ұялы байланыс операторлары тариф бағасын көтерді. Алайда тұрғындар бағаның негізсіз өсуіне наразы. Интернеттің сапасы көңіл көншітпейді,-дейді. Бұл өзгерістің себебі неде? Бағаға бақылау бар ма?

Жуырда Диас Ковланбаевқа тариф бағасы өскені жайлы хабарлама келді. 1500 мың теңгеге қымбаттаған тарифті көргенде, жігіт таңғалғанын жасырмайды. Себебі бұған дейін байланыс құны дәл осылай қарашада өскен еді,-дейді ол.

Диас Ковланбаев, қала тұрғыны:

- Маған компенсация ретінде 40 ГБ берген. Бірақ сол ГБ маған қажет емес. Себебі менде онсыз да шексіз интернет. Кейбір жерде интернет ұстамайды. Сол ақшаға интернет сапасы сай келмейді.

Мұндай хабарламалар Теле2, Алтел, Kcell, Актив қолданушыларына келген. Ұялы байланыс операторлары бағаны техникалық қызмет көрсетуді жақсарту үшін қымбаттатқандарын айтады. Бірақ бұл жаңалықты желі қолданушылары қуана қабылдай қоймады. Содан кей операторлар бағаны қайта қарады.

Сан түрлі өзгерістен жалыққан қазақстандықтар бағаны қалауы бойынша өзгертетін операторларға қадағалау жоқтығына шағымданады.

БЛИЦ-сауалнама:

- 2024 жылы Активте 1990 тг төлейтінмін. Ал қазір  2025 жылы ақпан айында 2 есе өсіп кетті, қазір 3690 тг төлеймін.

- Тарифтің бағасы өте қымбат. Мысалы, осы 1-2 ай бұрын менде 3290 тг болған тариф. Ал қазіргі уақытта 5000 тг-ге көтерілді және ол жерде безлимит жоқ. Гигабайтын одан сайын түсіріп тастаған, аз. Былайша айтқанда, жетпейді бір айға.

- Өткен қыста 3990 болды. Қазір 4990 болды. Қатты көтерліген дұрыс емес деп ойлаймын. Жылына бір рет көтерген дұрыс шығар.

- Он жыл ішінде мен билайнда жүрдім. 2990 тг төлейтінмін, олар сол тарифті алды да 6700-ге көтеріп тастады. Басында оған да көндім, 6700-ден құйып жүрдім. Бірақ қақ ортасында тұрасаң да сеть ұстамайды.

Бағаға бақылау бар ма? Мұны анықтау үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жүгіндік.

Нұржан Садырбай, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ресми өкілі:

- Тарифтерді өсіре алады және өсіреді де. Бұл мәселені бізде ешқандай мемлекеттік орган бақыламайды. Не біздің агенттік, не  Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі. 2017 жылдан бері міне, осындай өзгеріс бар. Ереже бар. Сондықтан да бүгінгі күні біз тек қана агенттік ретінде арнайы талдаудан кейін ғана барып, тергеп-тексеруді ашу мүмкіндігіміз бар.

Операторлар бағаны дербес белгілесе де, шағым қаралмайды деген сөз емес. Азаматтар eOtinish платформасы арқылы арыздана алады. Бірақ тиісті тексеріс жүргізудің өзі үлкен мәселе. Өйткені 2 жыл бұрын басталған тергеудің өзі аяқсыз қалған.

Нұржан Садырбай, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ресми өкілі:

- Тергеп-тексеру тоқтап тұр. Өйткені бірінші инстацияда апелляцияда сот агенттіктің тексеруі заңды деп танығанымен, 2024 жылы осы операторлар сотқа қайта жүгініп, бұл істі тоқтатты. Яғни бүгінде бұл тергеп-тексеру тоқтап тұр. Өйткені сотта операторлардың шағымы жатыр.

«Қой» дейтін қожа болмаған соң, бағаны ырықта ұстау да мүмкін емес. Демек абоненттерге де әзір  бір оператордан екіншіге өтуден келер пайда шамалы. Жағдай бақылау тетігі енгенде ғана өзгеруі мүмкін.

Дана Әлиева, Дархан Кунтуов