Елімізде авиация саласында жұмыс істейтін мамандар тапшылығы сезіліп отыр. Салдарынан отандық әуе компаниялары шетел азаматтарын қызметке қабылдауға мәжбүр. Қазірдің өзінде Еуропа, Ресей, Украина және т.б елдерден 400 адам алынған. Тығырықтан шығудың жолы қандай?
Гүлмира Исматуллаева қазір бортсерік мамандығын меңгіріп жүр. Авиация саласында еңбек ету оның бала күнінен бергі арманы болған. Бірақ қыр-сырын жетіп біліп, кәсіби тұрғыдан біліктілікті арттыру оңай еместігін айтады. Тек жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты талап көп, - дейді.
Гүлмира Исматуллаева, бортсерік:
- Мен бұл саланы мүлде қиын деп ойлаған жоқпын. Біз ең бастысы, жолаушылардың қауіпсіздігіне жауап бергеннен кейін өте көп заттарды білуіміз керек екен. Медицинаны білуіміз керек, одан басқа ол адамдарды түсіну керек, ситуацияны бақылай алу керекпіз. Ұшақтың қалай құрылғаны жайлы бәрін білуіміз керек.
Бұл мәселе ел бойынша соңғы 3 жылдан бері өзектілігін жоймай келеді. Бүгінде бұл салада 23 мыңнан астам адам қызмет етеді. 5 әуе компаниясы бар. Бірақ жыл сайын кем дегенде 600 маманның қажеттілігі сезіледі. Негізінен пилоттар, әуедиспетчерлер, командирлер, техниктер керек.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Қазақстанның әуе компаниялары білікті мамандардың жетіспеушілігінен жылына жүздеген шетел азаматын жұмысқа қабылдауға мәжбүр. Негізінен ұшқыштар мен инженерлер және техника тілін жетік меңгерген өзге де кадрлар қажет. Бүгінде Қазақстанның әуе кеңістігінде 100-ден астам ұшақ бар. Олардың қатары биыл тағы да толығатын болады.
Отандық әуекомпанияларының бірқатары тығырықтан шығу үшін өздері қаржы бөліп, оқыту курстарын ашқан. Мәселен, елдің оннан астам қаласы арасында жолаушылар тасымалдайтын компания бұл іске баса мән беруде. Шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуды жолға қоюдан өзге, авиацияда еңбек етудің қыр-сырын мектеп оқушылары арасында насихаттап келеді.
Әйгерім Нарбаева, «Әуе компаниясы» авиациялық оқу орталығының директоры:
- Авиациядағы азаматтар жыл сайын оқып, білімін жетілдіріп отырады. Көптеген тренингтерден өтеді. Неге? Өйткені бұл кәсіп қауіпсіздікпен тікелей байланысты және жыл өткен сайын салада жаңа технология пайда болуда. Сондықтан пилоттар мен инженерлердің біліктілігін арттыру ісін үздіксіз жүргізу қажет. Біз қазір мектеп оқушылары арасында авиация мамандығының құрметті, тұрақты кәсіп екенін насихаттап жүрміз. Бұл ретте Білім және Көлік министрліктерімен бірге жұмыс істеп келеміз.
Мамандар қажетті кадр тапшылығы таяу жылдары жойылатынына күмәнмен қарайды. Себебі мұндай жағдай әлемде қалыптасып отырғанын айтады.
Мәселен, болжам бойынша 2040 жылға қарай дүниежүзі бойынша 700 мың маман қажет болады. Дегенмен елде бірқатар шара қолға алынып отыр. Соның ішінде қазақстандық ұшқыштар мен инженерлерді даярлау үшін Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігімен байланыс артып, өзімізде халықаралық дәрежедегі мамандар даярланбақ.
Ербақыт Мырзағалиев, ҚР Көлік министрлігінің азаматтық авиация комитеті басқармасының басшысы:
- Салада шамамен 400-ден астам шетел мамандықтары бар. Бұл мәселе бойынша бірнеше мәселе жүргізіліп жатыр. Оның біріншісі Алматы қаласында Азаматтық авация академиясы бар. Сол жақта мамандар даярлау бойынша көбінесе гранттар бөлініп жатыр. Сосын оқу бағдарламаларын еуропалық стандарттармен сәйкес келтіріліп жатыр.
Авиация саласындағы қордаланған мәселені Параламентте депутаттар тиісті ұйым өкілдермен талқылады. Белгілі болғандай, алдағы күзде халықаралық азаматтық авиация ұйымы еліміздің әуе қауіпсіздігіне аудит жүргізеді. Сондай-ақ әуе компанияларының билет бағасын негізсіз көтергені анықталса, әкімшілік шара қолданылмақ. Бұдан өзге, авиаотын көлемін арттыру, бағасын реттеу бақылауда болмақ.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Қанат Әбілдин, Айбын Усанбеков