Автосақтандыру полисі қымбаттайды

  • 32
  • 07.04.2025, 18:45

Бүгіннен бастап елімізде автосақтандыру жүйесіне маңызды өзгерістер енгізілді. Бұдан былай сақтандыру полисінің бағасына жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері де әсер етеді. Енді жол ережесін жиі бұзатын тұлғалар тәртіпті жүргізушілерге қарағанда сақтандыруға артық ақша төлеуі мүмкін. Бұған қоса көлік жүргізуді жаңадан бастаған жас жүргізушілер үшін де полис құны қымбаттайды. 

Автокөлікті  міндетті сақтандыру еліміздегі ең ауқымды сақтандыру түрі саналады. 6 миллионнан астам азамат жүргізуші куәлігіне ие. Олардың шамамен 95%-і жыл сайын сақтандыру полисін сатып алады.

Қазақстан аумағында ай сайын 10 мыңға дейін жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Автосақтандыру жүйесіне енгізілген өзгерістер жол апатын азайтуға септігін тигізеді,-дейді мамандар.

Серікбосын Төлебеков, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департамент басшысының орынбасары:

- Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтары да есепке алынады. Егер сақтандыру шартының қолданылу мерзімінде жүргізуші 3 және одан да көп құқықбұзушылық жасаса, мысалы, жылдамдықты 40 км/сағаттан және одан жоғары арттыру, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу, авариялық жағдай туындату және тағы басқа.

Өзгерістер bonus-malus деп аталатын жүйеге қатысты. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жүргізушінің жолдағы тәжірибесі мен мінез-құлқы. Bonus-miles бірнеше класқа бөлінеді. Ең жоғарғысы – 13-класс. Статистика бойынша оны жүргізушілердің шамамен 40%-і иеленген. Бұл – сақтандыру жарнасы ең төмен және тәуекелі аз класс. Негізгі талап – 10 жыл бойы апатқа ұшырамау. Мұндай жүргізушілер базалық тарифтен ең төмен мөлшерде сақтандыру жарнасын төлейтін. Енді жағдай өзгерді.

Азамат Керімбаев, сақтандыру компаниясының төрағасы:

- 7 сәуірден бастап алғаш рет сақтандыру полисін сатып алғандар немесе алғаш рет жүргізуші куәлігін алған жас жүргізушілерге бұрынғыдай M3 класы емес, А класы беріледі. Тиісінше, оның коэффициенті 1 емес, 1,8 болады. Яғни жас жүргізушілер енді базалық мөлшерлемемен салыстырғанда, 80%-ке қымбат төлейтін болады.

Алмас Садуақас, тілші:

- Енді ережені ескермейтін жүгенсіз жүргізушілерге сақтандыру полисі қымбатқа түспек. Ең мұқият жүргізушілер кейбір сақтандыру компанияларынан едәуір жеңілдіктер алады. Ол үшін 5 жыл бойы жол ережесін бұзбай, апатқа кінәлі болмау шарт.

А.Садуақас, К.Амраев