Биыл Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады деп жоспарланған. Нысанның құрылысы осыдан 7 жыл бұрын басталған еді. Өңірде тұралап тұрған сақалды құрылыстар жетерлік.
Ырғыздағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2018 жылы басталған еді. Алайда алғашқы мердігер міндетін орындамай, нысан өзге компанияға берілді. «Ғимарат дайын. Бірақ кем-кетіктері жеткілікті», - дейді жергілікті билік өкілдері.
Аслан Жарасбаев, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
-Әрине кемшіліктер бар. Ол енді кепілдік мерзімі шеңберінде мердігер мекеме оны орындауға тиіс. Қазіргі таңда мекемемен келіссөздер жүргіздік. Сот органдарына да бердік. Осы кепілдік мерзімі шеңберінде сол кемшіліктердің барлығын жоюға тиіс.
Жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне 800 бала барады. Олар жаңа кешеннің ашылуын тағатсыздана күтіп жүр.
Самұрат Садриев, спорт мектебінің директоры:
-Ғимарат ашылып жатса, бізде әрі қарай 2-3 спорт түрлерін ашу жоспарымызда бар. Ол жүзу спорты, көркем гимнастика бар. Қазір көп сұранысқа ие спорт түрлері. Жаңа спорт түрлері ашылған жағдайда бала саны 1200, 1300-ге дейін өсіру жоспарымызда бар.
Ал Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің халық игілігіне қашан берілері белгісіз. Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы екі бірдей спорт нысанының құрылысы тоқтап тұр.
Екі нысанның құрылысына бір компания жауапты. Жергілікті билік өкілдері мердігерді сотқа беріп, «қара тізімге» енгізген. Ал құрылыс жұмыстарын өзге компания жалғастырады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков, Болат Молдағалиев