Сарбаздар мамырда өтетін әскери шеруге дайындалып жатыр

  • 316
  • 08.04.2025, 18:57

Мыңдаған жауынгердің саптық жаттығуынан өзге техникалардың алып алаңда тиісті тәртіпке сай қозғалуы күн сайын тексерілуде. Отан қорғаушылар күнінде болатын маңызды шара Қарулы күштеріміздің бүгінгі жағдайын да көрсетпек. Сондықтан бұл жолғы шеруге әзірлік қызу. Әрі бірқатар ерекшелігі де болмақ. Жауынгерлердің жаттығуы бүгін бұқаралық ақпарат құралдарына көрсетілді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

-Еліміздің түкпір-түкпірінен келген сарбаздар қазір Астананың түбінде дайындықтан өтіп жатыр. Олардың саны үш мыңнан асады. Дегенмен 7 мамыр күні өтетін үлкен шеру барысында жауынгерлердің қатары бұдан да көп болады. 

Дайындық жаттығуына қарулы күштерге қарасты бірқатар бөлімше тартылған. Оның арасында, жаяу әскерлер, арнайы мақсаттағы бригада жауынгерлері, әуе қорғанысы сондай-ақ, төтенше жағдай қызметінің жасақтары бар. Алғашқы легі бұл далалық лагерге наурыздың соңғы күндері жетті. Содан бері әзірлікті шыңдап, күніне 6 сағатқа жуық жаттығады.

Дархан Қалибаев, Ұлттық ұланның «Құрмет» қарулы ротасының взвод командирі: 

-Дайындық өте жақсы деңгейде. Биыл білесіздер, 80 жылдық үлкен мерейтой. Бұл әскери шеруге барлық әскери құрылымнан үздік болған әскери есеп топтары қатысып жатыр. Әскери парад дегеніміз қазақ елінің әрбір әскери бүкіл дүниежүзі алдында құрылымының деңгейін көрсетеді. Сондықтан да өте жақсы деген баға алуымыз керек. 

Шеруге білікті әскери қызметшілерден өзге, өткен күзде ғана шақырылған жауынгерлер де қатыспақ. Сондай-ақ әйелдер тобы да сап түзеп өтеді. Оның құрамындағы Әсем Ерланқызы үшін бұл өте жауапты іс. Әрі әскерилер   династиясында тәрбиеленген оған саланың қыр-сыры жақсы таныс.

Әсем Ерланқызы, №27943 әскери бөлімінің: 

-Әскери салада ер азамат және әйел адам деп бөлінбейді. Бірақ қыз балаларға деген түсінікпен үйретіп, кішкене төзімділікпен қарап, бізді қолдап келе жатыр. Қобалжу әрине бар. Бірақ үлкен қуаныш үлкен шара болғандықтан. 

Жеңістің 80-жылдығына орайластырылған шараға 200-ден астан техника қатысады. Топты аңызға айналған Т-34 танкісі бастап шығып, заманауи көліктер көрсетіледі. Арасында өзімізде өндірілген және модернизациядан өткен техникалар да болады

Мереке Көшекбаев, ҚР Қарулы күштері құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы

-Еліміздің бас алаңында салтанатты шеру ғана емес, бұл ұрпақтар сабақтастығының, әскери ерлігінің, халқымыздың батырлығын бейнелейтін дәстүрі. Қазіргі таңда әскери шеруге дайындық бекітілген жоспар бойынша жүріп жатыр. Ерекшеліктері бар, енді ол қоғамға жұмбақ болсын. Ертең парад кезінде ол бәрі айтылады. 

Шеруге қатысатын жауынгерлер үшін лагерде барлық жағдай жасалған. Басты мақсат - мерекелік іс-шара арқылы әскеріміздің айбынын арттырып, елдің рухын көтеру.  

Әнуарбек Мырзатайұлы, Бауыржан Ебелеков