Үкімет сырттағы саяхатшыларды елге тарту мәселесін талқылады

  • 364
  • 08.04.2025, 18:41

Астанада америкалық супержұлдыз Дженнифер Лопес концерт береді. Іс-шара толық коммерциялық негізде өтеді. Біз үшін пайдасы: бюджетке 400 млн теңге түседі. Сондай-ақ Қазақстанға келетін шетелдік турист қатары артады. Үкімет бүгін сырттағы саяхатшыларды елге тарту мәселесін талқылады. Мәдени шараларға қоса инфрақұрылым, цифрлық жобалар да бар. Шекарада турист үшін жасыл дәліз ашып, облыстарда арнайы басқарма құру көзделген. 

Туризмді түлету. Бүгінгі жиында алдымен бұған дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесі талданды. Соңғы 5 жылда елімзге келетін туристердің саны 7,5 есеге өсіпті. Бұл өздігінен болған жоқ. Оған жету үшін келесі шаруалар атқарылыпты. Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында әуежайлардың жаңа терминалдары салынды. Сондай-ақ 125 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары басталды. Автожол құрылысыда саланың дамуына серпін беруде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 10,5 млн адамды құраған. Ал елімізге келген шетелдік қонақтар саны 15 млн-нан асыпты. 

Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Біз еліміздің ұлттық парктеріне келген экотуристердің тұрақты өсуін байқап отырмыз. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 14 ұлттық паркке 2,8 млн адам барып, келушілердің саны 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға өсті. Артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әрбір ұлттық паркті негізгі туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жаңа сапар-орталықтарын салу жоспарланып отыр. 

Премьер-министр бізде туризмнің айтарлықтай әлеуеті барын және ел экономикасының өсуіне жаңаша серпін беретін салаға айналуы қажет екенін атап өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аталған салада ірі инвестициялық жобалар қолға алынды. Алматы қаласы мен Алматы облысында тау кластерін дамыту жұмыстары белсенді жүріп жатыр.  

Тау демекші, «бұл бағытқа басымдық беру жөн» дейді сарапшылар. Оның өзіндік себебі бар. 

Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ» басқарма төрағасының орынбасары:

- Бір қызық статистика: тауға келетін туристер күніне 350 АҚШ долларын жұмсайды екен. Ал оны жағажай туризмімен салыстыратын болсақ, ол 50 доллар. Сондықтан бұл тиімді бағыт деп санаймыз. Соның нәтижесінде туристер санын 6 млн жеткізу жоспарланып отыр.

Өңірлерде туризмді дамыту мәселесімен айналысатын жеке басқармалар құрыла бастады. Бұл іс қазірдің өзінде төрт облыста аяқталыпты. Жалпы саланы дамытуда әр аймақтың ерекшелігі негізге алынады.    

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Щучинск-Бурабай курорттық аймағында жыл бойы жұмыс істейтін туристік нысандар құруға, экологиялық және спорттық туризмді дамытуға мүмкіндік беретін ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Ақтау маңындағы «Жылы жағажай» аумағында бес жұлдызды қонақ үй мен тақырыптық ойын-сауық паркін салу жобалары іске асырылды. Аталған өңірдегі Кендірлі курорттық аймағында әуежай салынып, туризмді дамытуға тың серпін беріледі. Сонымен қатар фермерлерге агротуризммен айналысуға құқық беру үшін тиісті жұмыстар жүріп жатыр. 

Атап айтсақ, фермерлерге өздеріне қарасты жер телімінде агротуризммен айналысу құқығы беріледі. Қазіргі таңда елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Демек алдағы уақытта олар үшін қосымша табыс көзі пайда болуы мүмкін.  

Шұғыл түрде атқарылатын шаруалар қатарында күре жолдың бойындағы дәмханалар, жанармай құю бекеттері мен техникалық қызмет көрсету сынды сервисті жақсарту қажет. Бұл тізімде қоқыс тастайтын орынмен дәретхана да бар. 

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

-Соңғы 4 жылда жол бойындағы дәретхана тапшылығы Республика бойынша 490-нан 190-ға дейін азайғанын атап өткім келеді.  Жыл сайын елдің имиджін бұзатын «ыңғайсыз әжетханалар» жойылады.  

Ал Бурабайдың жаңа тынысы ашылады. Жуырда аталмыш курорттық аймақты дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспарі бекітілді. Оның аясында сумен жабдықтау, электр желілері және автомобиль жолдарын жаңарту мен жаңғырту түріндегі  34 жоба жүзеге асырылады. Еліміз бойынша айтатын болсақ туристердің қауіпсіздігі үшін «Е-Шағым» жүйесі іске қосылады. 

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

-«Е-Шағым» ол шағымдарды жинақтау жүйесі. Турист қажет болған жағдайда бір тетік арқылы мемлекеттік органның белгілі бір өкілінің немесе қонақүйдің заңсыз әрекеттеріне қатысты арыздана алады. Сондай-ақ такси жүргізушісінің дөрекілігіне қатысты да шағым қабылданады. 

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

Бір сөзбен айтқанда елімізге келген турист барлық жағынан өзін жайлы сезінуі қажет. Айтпақшы олардың дамалысын жайлы ету үшін туристерге арналған бірыңғай мобильді қосымша әзірленетін болды. Оның ішінде елдің көрікті орындар тізімі, оған алып баратын жол бағыты тағы басқа қызметтер қамтылады. Сондай-ақ туристер ағынын арттыру үшін шекарада жасыл дәліз құрылады. Бұл саяхатшылардың паспорттық тексеруден өту уақытын 5 есе қысқартады. Тағы бір маңызды бағыт отандық және шетелдік жұлдыздардың ән кештерін өткізу. Биылғы жоспар бойынша америкалық орындаушы Дженнифер Лопестің 1 тамызда Астана арена стадионында концерт береді. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин, Дженнифер Лопес