Оралдың жолдары қашан жөнделеді?

  • 263
  • 09.04.2025, 18:39

Орал қаласында жолдардың жайы сын көтермейді. Сондықтан күні бүгін шаһардағы 60 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Одан бөлек ұзындығы 53 шақырым жолға күрделі жөндеу жоспарланған.  

Биыл салынған жолдың сапасына шынайы бағаны келер көктемде берген жөн. Қытымыр қысты артқа тастағанда шұрқ-тесік болатын көшелер қалада аз емес. Әсіресе ауыр жүк көліктері қатынайтын негізгі көшелер жиі жарамсыз боп қалады. Жүргізушілер ой-шұңқырдан қанша қашуға тырысқанымен, көліктерін бүлдіріп, сан соғып жатады. 

Юрий Головинкин, жүргізуші: 

-Орталық көшелер мынадай болғанда шет жақтағы көшелердің қандай екенін сұрамаңыз. Шұрқ-тесік. Ай сайын көліктің түрлі бөлшектерін ауыстырамыз. Қар кетіп, жаз шыққанына бір айға жақындады. Тезірек жолдарды жөндесе дейміз. 

Биыл қалада 60 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір мердігерлер өз міндетін атқаруға кірісіп те кетті. Арнайы техникалар әзірге Пугачев, Тәуелсіздік, Сырым Датұлы, Гагарин көшелеріндегі жолдың ой-шұңқырын жамап жатыр. Одан бөлек биыл шаһарда 53 шақырым жолды күрделі жөндеу жоспарланған. 

Дархан Еркінұлы, қалалық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:  

- Кенттік округтерді қосқанда 690 км жол желісі бар. 440 шақырымы асфальт. Қалған бөліктерінде жөндеу жоспарланған. Қазір 29 көше бойынша реконструкция, қайта жаңғырту, 2 көше капитальды ремонт, 6 көше орташа жөндеу жоспарланған. Қазір экономикалық бөлімге бюджеттік өтінім жіберілді. Қаражат қазіргі уақытта бөлінген нысандар бойынша жұмыстар басталды. 

2025-2026 жылдары жалпы ұзындығы 73 шақырым болатын 47 көшенің жолын жөндеуге жоба әзірленіпті. Бұл мақсатқа 10 миллиард теңге қаражат қажет. 

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов