Алматыда Shahar City тұрғын үй кешеніне қатысты дау шықты

  • 281
  • 09.04.2025, 18:41

Алматыда Shahar City тұрғын үй кешенінің тұрғындары «кәріз жүйесі дұрыс жұмыс істемейді» деп бірнеше айдан бері дабыл қағып отыр. Олардың айтуынша, қалдықты соратын станция бір ғана кешенге арналған. Бірақ оған сол маңда салынған басқа үйлер түгел қосылған. Қазірдің өзінде 20-ға жуықтады. Сондықтан сорғыға артық күш түсіп, қайта-қайта істен шығып жатыр. Жаңасын салу құрылыс компаниясының жоспарында бар. Бірақ оны қашан бастайтыны әзірге белгісіз

Shahar City-дің тұрғындары бұл мәселені өздері шешпек болып талай жердің табалдырығын тоздырған. Құрылыс компаниясының өкілдерімен кездесіп, қала әкімі Досаевтың алдына дейін барған. «Бірақ баяғы жартас, сол жартас»,– дейді. Бұл жолы сол маңда үй салып жатқан Qazaq Stroy құрылыс компаниясының кеңсесіне тағы келді. 

Бұл тұрғын үй кешені былтыр қаңтар айында берілген. Ол кезде кәріз сорғы станциясы қалыпты істеп тұрған. Оған басқа кешендегі көпқабатты үйлерді қосқан соң, сорғының шамасы жетпей жертөлені қалдық су баса бастаған. Кәріз суы бірінші қабаттағы пәтерге дейін көтеріліп, күлімсі иісі бүкіл аулаға жайылған. 

Марал Жұмаділова, қала тұрғыны: 

-Акиматқа бардық. Акимат мердігер сотқа арыз жазыңдар деп айтты. Қазір тұрғындардан ақша жинап заңгер жалдадық. Күйіп кеттік шыны керек. Біздің ең басты проблемамыз ертең подвалдың астында су жата берсе алған үйіміз трещина береді ғой. Фундамент құртылса, ол трещина береді.

Тұрғындар өздері арнайы көлік жалдап жертөлені қалдық судан бірнеше рет тазартқан. Одан кейін құрылыс компаниясын шақыртқан. Олар болса үй жанынан шұңқыр қазып, кәрізден шыққан суды сол жерге төгіп кеткен. 

Марал Жұмаділова, қала тұрғыны: 

-15 метр жерге құдықты қазды да, сал жерге КНС-тің қалдықтарын сол жерге құйды ғой. Ассенизатор шақырды да, сол жерге құйды. Біз шағым жасадық. Бетін жаппақ болғанда сыртына төгілді. 1-2 күн ашық қалдырып қойды. Бүкіл ЖК сасыды. Бірақ қазір жауып тастады. Ертең күн жылығанда астынан инфекция шығады деп айттық.

Qazaq Stroy болса, кәріз сорғы станциясын өздері салмағанын айтып ақталып әлек. «Жүйенің қалай жобаланғанын, қуатын білмейміз», – деп даудан басын алып қашып отыр.  

Дархан Марқұмов, Qazaq Stroy компаниясы директорының орынбасары:  

-Мен сізге түсіндіріп айтып тұрмын. Кәріз желісін біз салған жоқпыз. Соны сіздерге айтып жеткізе алмадым. Qazaq stroy-дың оған мүлдем қатысы жоқ. Кәріз сорғы станциясының құрылысын Exclusive компаниясы жүргізген. Ал оған «Солтүстік айналым» кешенін қосуға әкімдіктің өзі рұқсат берген. 

Жақында құрылыс компаниясы станцияға 2 қозғалтқыш сатып алған. Бірақ тұрғындар: «Бұл мәселені шешпейді. Кәріз желісіне тағы 4-5 тұрғын үй кешенін қоспақшы. Қазір сол жаңа үйлердің өзінің жертөлесін су басқан», – дейді. Ал Qazaq stroy ол жақтан тағы бір кәріз сорғы станациясын салатындығын жеткізді. Жобасы дайын болғанмен оның құрылысы қашан басталатыны белгісіз. Себебі нысан салынатын жерді пайдалануға шектеу қойылған. Тұрғындар прокуратураға да арызданды. Әкімдік те бұл жәйттен хабардар. Мәселенің оң шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.  

Қайыпбекова Қарлығаш, Сержан Жұмабаев