Соңғы 2 жылда Алматыдағы Ішкі істер қызметінде жемқорлық көрінісі едеуір азайды

  • 292
  • 09.04.2025, 18:57

Соңғы 2 жылда Алматыдағы Ішкі істер қызметінде жемқорлық көрінісі едеуір азайды. Антикор мен қалалық Полиция департаментінің бірлескен жұмысы нәтиже беріп отыр. Мысалы, былтыр 15 қызметкерге қатысты қылмыстық іс сотқа жолданған. Ал осы жылдың басынан тәртіп сақшыларына қатысты 3 қылмыстық іс қозғалған. Бұл жөнінде антикордың қалалық департамент басшысы Арман Рахимов «Заң мен тәртіп – өзіңнен басталады» атты дәріс барысында айтты. Қалалық полиция қызметкерлерімен өткен кездесуде жемқорлықтың алдын алу тәсілдері, полиция мен азаматтар арасындағы әрекеттестік, құқықтық тәртіпті нығайтудың жаңа шаралары айтылды. 

Арман Рахимов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алматы қаласы бойынша департамент басшысы:    

-Ішкі істер органдары қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық деңгейін азайтуға қабылданып жатқан іс-шаралар бойынша сұрақтар көтерілді. Тергеліп жатқан қылмыстық істер Қылмыстық-процестік кодексінің 200-ші бабына сай енгізілген ұсынымдар да талқыланды.