Елде қазба байлықтардың барланған қоры сарқылып келеді. Геологиялық барлау жұмысына қан жүгіртіп жаңа кен орнын ашу міндеті өткір тұр. Саланы ілгерілету үшін сансыз көп сұраққа ортақ жауап керек. Себебі бұл мемлекет пен инвестордың арақатынасы. Ал оның сыртында халық мүддесі тұр. Бүгін осы мәселелерге жауап іздейтін Майнекс форумы шымылдығын түрді. 2010 жылдан бері дәстүрлі түрде өтетін ауқымды іс-шарада бұл жолы қандай мәселелер қарастырылғаны турасында Берік Дүйсенбай баяндасын.
Берік Дүйсенбай, тілші:
-Жүзден астам спикер әлемнің 30-дан аса елінен жарты мыңдай делегат. Тау-кен саласы және оған қызмет көрсететін компаниялар, технология жеткізушілер мен мемлекеттік органдар бас қосып жатыр. Шетелдік компанияларды Қазақстанның ресурстық әлеуеті қызықтырса, бізге олардың мол тәжірибесі мен технологиясы керек.
Майнекс 2025. Бұл биыл 15-ші рет өткізіліп отырған геологиялық форум. Мақсат - геологиялық барлау тау-кен өндірісін ілгерілету, яғни жаңа кен орындарын ашып игеру. Бұл форум әлгі қазақтың ақсерек, көксерек, бізден сізге не керекке ұқсайды. Инвесторға керегі қолайлы заңнама. Ол жұмыс істеуге лицензия алудан бастап соңғы өнімге дейінгі тұтас процесстерді қамтиды. Ал мемлекетке:
Алмас Кушумов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры:
- Барлауға, өндіруге технологиялар керек. Жаңа технологиялар. Қазір келіп жатқан инвесторлар, олар уже технологияларымен бірге келеді.18-19 жылдардағы лицензиялар бойынша 2024 жылы 23 жаңа кен орны ашылды. Біртіндеп, біртіндеп осылай жаңа кен орындарды ашамыз.
Майнекс форумына 225 компания қатысып жатыр. Олардың 60 пайызы отандық компаниялар болса, 40 пайызы Қазақстанда жұмыс істейтін немесе инвестиция салуға ниеті бар шетелдік компаниялар. Елімізде 2.2 млн шаршы шақырым аумаққа геофизикалық талдау жасалған. Бүгінгі таңда пайдалы қазбалар қорының мемлекеттік тіркеуінде 9 мыңнан астам кен орны болса, оның 987-сі қатты пайдалы қазбаларды өндіреді. Қазіргі өндіріс қарқынын есепке алатын болсақ, алтынның қоры 33, мыстың қоры 44 жылға ғана жетеді. Айта кету керек бұлардың барлығы кемі 30 жыл бұрын барланған.
Осы мысалдан-ақ қордын сарқылуын көреміз. Үкімет оны 90-2000 шы жылдары жекеменшік геологиялық барлаудың жеткіліксіздігі салдарынан қордың сарқылуы және жаңа кен орындарының көптеп ашылмауымен түсіндіреді. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін 2018 жылы Жер қойнауын пайдалану кодексі қабылданды. Бұл реформаның арқасында салаға келген жеке инвестиция 3 есеге артып, шетелдік ірі тау-кен компаниялары келе бастады. Алайда тау кен өндірушілерінің қауымдастығы кодексті әлі жетілдіру қажеттігін алға тартуда.
-Николай Радостовец, «Тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры:
-Заңнаманы одан әрі реформалап, Жер қойнауы туралы кодексті екіге бөлуіміз керек. Мұнайшыларға бөлек норматив, тау-кен өндірушілер қатты пайдалы қазбалар туралы заңға бағдар ұстасын. Бұл әлемде бар практика. Өйткені заңдағы кей баптар бір салаға ғана қатысты. Соның кесірінен басқалары зардап шегеді. Бөлек кодекс әзірлеу қажеттігін 10 жыл бұрын бізге шетелдік инвесторлар ұсыныс ретінде айтқан болатын.
Тағы бір маңызды мәселе. Геологиялық деректер базасын дамытып, қағаздан цифрға көшіру үшін жасанды интеллектке арқа сүйейтін уақыт келді. Министрліктер бірлесе әрекет етсе бұл біздің қолымыздан келеді екен.
Ерлан Ғалиев, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы:
-Саланы дамытудың басты механизмі – цифрлық технологиялар. Бұл жұмыс бір ғана министрлікпен емес, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан жүргізілуі тиіс. Сонда барлық деректер қолжетімді болады. Бұл бағыттағы жұмыс қазір жүріп жатыр. Премьер министрдің арнайы тапсырмасы бар.
Тағы бір маңызды міндет. Инвестицияның келуіне қан жүгіртпек керек. Оның тура жолы - салық, жер, су кодекстеріне халықаралық стандарттарға сай өзгерістер енгізу. Сол кезде шетелдіктердің қызығушылығы артады. Айта кету керек, биыл маусым айында 50 кен орны аукционға электронды саудаға шығарылады. Соңғы екі жылда жиыны 117 кен орны сатылып, 30 млрд теңгеге жуық бонус қазынаған түскен.
Берік Дүйсенбай, Мейрамбек Қайыргелді, Абдулхамит Бөлекбаев